04.05.2022
  768


Автор: Фариза Оңғарсынова

Оюлар

Түрін-ай текеметтің! Асыл қандай!
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
«Келе ғой, қошақаным,
өзіме!» – деп
əжем кеп сипағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсеңдер-ау сол беттегі,
тұрғандай ана-көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдайды жан-жағымнан
қазақтың қошқар мүйіз өрнектері.
Аңсаумен күнім өтті қанша менің,
желбауда, басқұрда ма аңсау емім.
Əжемнің көзіндей бұл оюларды
таба алмай дала кезіп шаршап едім.
Елестеп көз алдыма сəн шақтарым,
келгендей құлағыма аңсатқан үн.
Түрінен текеметтің көріп тұрмын,
əжемнің тарамысты саусақтарын.
Шебер көп бұл заманда кілең керім,
болмайтын ажыратып түр-өңдерін.
Сүрінбей өте алар ма ғасырлардан
əжемнің оюындай жыр-өрнегім...
Болардай басқұр, өрнек маған медет,
белгісі балғын шақтың қарар жебеп,
сүйеніп түскиізге тұрып қаппын
көз жазып оюлардан қалам ба деп.
Мөлдір шық жасырынды жанарға кеп...





Пікір жазу