04.05.2022
  160


Автор: Фариза Оңғарсынова

Тамшалы

Не деген ғажап көрік тұрған мынау!?
Салғандай шөл далаға жылдар бұғау
малшынып қара терге, қара жартас,
даралап тұрғандайсың тұлғаңды дəу.
Көп екен, дала, сенде көрмегенім,
түсімдей кейде менің өң дегенім.
Көңілімнен көп жайыңды тасалапты
күндегі бос айқай мен көлденең үн.
Жапан түз су көрмеген ғұмырда түк,
айта алмай дала жатыр сырын батып.
Мың тамшы, миллион тамшы моншақтайды
жартастың шандыр төсін шымырлатып.
Бұл не жас өніп жатқан көн даладан,
салған ба əлде əдейі қолдан адам?
Болмаса ғұмыр бойғы ашынудан
даланың ызасы ма сорғалаған?
Бұл өлке өзен емес, құдыққа бай,
тұр нарпоз, жоңышқаға тұнып маңай.
Сезбейсің сиқыр сəнін сұлулықтың
жанына жанарыңмен жуықтамай.
Айнала – сұр кеңістік, жансыз əрі,
жердің де таусылғандай бар шыдамы.
Шындықтай суға зəру өлкеде тек
нəр берер «Тамшалының» тамшылары





Пікір жазу