04.05.2022
  118


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қаражанбас

Қара жан баспас бұл маңда
қара көк дария бұрқанып,
қатыгез қасаң қырларға
қырмызы дидар гүл тағып,
Уақыт пен Адам жарысқан.
Жанарларынан таң ұшқан
адамдар мұнда кемеңгер.
Жасампаз сəтпен табысқан
құлан да жортпас деген жер,
ұмытып елсіз ту шағын.
Зымырап жортқан жыл-сағым
мұнаралардан із өрген.
Көкірегін тосып сұрша құм
жүздесіп жатыр жүз елмен,
сұрамай қайдан, кімсің деп.
Білсін де дүние, білсін көк
дабырсыз дала даңқын да.
Əлемде тартыс, тылсым көп,
жетерлік ызғар, салқын да –
жаураған жандар жылынсын.
Маңқыстау жанын ұғынсын,
тасада жатқан көзге ұрмай,
жеткізер сонда сырын шын
беткейде қалған боз қурай.





Пікір жазу