04.05.2022
  210


Автор: Фариза Оңғарсынова

Боздақ

Боз інген сүйреп бұйдасын
беткейге – бозаң белге асты,
боздаған сəтте қимас үн
жанына тиіп жел қашты.
Артында қалды жон-жота,
анадан үміт сөнген бе –
қалды ма дейді-ау боз бота
бошалап барған сол жерде.
Жыңғылды сайы.
Қыр. Сағым
Тіршілік жоқтай маңда түк.
Бір өмір жарған құрсағын
жанардан жасын парлатып.
Құрсағын жарған тірлігі
жыңғылды сайда жүр ме екен?
Жұмақтай жасыл жыңғылы –
қинаған жанын нұр мекен.
Зарлайды басса жүз қадам,
бұйдасын сүйреп, жол қарап,
бауырына сыймай сыздаған
желіннен сүті сорғалап.
Селк етті дала, жота, шың
керіліп жатып көз ілген.
Зарлайды таппай ботасын
бұйдасын үзген боз інген.





Пікір жазу