04.05.2022
  219


Автор: Фариза Оңғарсынова

Шашу

Айналайын, Маңғыстау!
Мінезің маңғаз, жаның ақ.
Киелі қара шаңырақ
көтерілгенде көк тіреп,
үлкен мен кіші жамырап
сүйінші деген хабарды
бірінен бірі қағып ап,
жатырсың ба екен жадырап?!
Бір аунап түскен шығар
-ау
үш жүз алпыс аруақ!
Мен де бір сенің құрағың,
мойныңа тағар тұмарың,
жанымды тербеп жыр
-əнің,
бірлігі елдің – ұраным.
Маңғыстау туын тікті деп
қуанғанымнан жыладым,
тəңіріме тəуба қыламын.
Тепкілеп, тəңір
-тағдырым,
даламды талай сынадың.
Суала жаздап бұлағым,
таусылып төзім
-шыдамым.
Қайтадан ақбоз аспанға
қалықтайды енді қыраным!
Асылдар басқан топырақ –
тұлпарлы елім, нар елім!
Таппаймын сенсіз жан емін,
айқайлап салсам, əн едің,
алшаңдап барсам, аға едің,
талықсып бара жатқанда,
арқамды сүйер тау едің.
Жүдеу өмірде сəн едің,
далада – тақтай тақырда
шөліркеп шыққан дəн едім,
қайсар жандардың қалдығы,
жалбарынбаған жан едім.
Елдігің менен ерлігің,
көсілген кербез кеңдігің
жаныма менің нəр берген,
сұңғыла сырбаз сəн берген.
Қара жер беті – сең бүгін,
жүдесең мен де шерлімін,
сен қуанғанда əлденем,
желкенін керіп тал кемем,
жарысып енді таңменен
өмір
-айдында сəнденем!
Жырымды төгем жақ талмай,
тұрайын қалай шаттанбай!
Қашаған – сөздің дүлдүлі,
Сəттіғұл – жырдың шынжыры
қос тұлпар мініп көсілтіп
тойыма келе жатқандай.
Оғыланды жақтан нұр шапақ
даламды түгел жапқандай.
Абыл мен Есір дəл бүгін
төгеді күйдің жаңбырын
оркестрлерден жасқанбай.
Ақбөбек мінген ақбоз ат
алшаңдап аяқ басқандай.
Елдік пен кеңдік – ұраны,
шаттанып тəуба қылады
кəрісі қалмай, жас қалмай,
жаңа бір күнге бастардай!
Теңізде ығып сеңдері,
кеудені шаттық кернеді.
Ендігі арман мендегі –
татулық болсын тынысың.
Еңбегің – елдік ырысың.
«Көргенді елдің ерлері
осындай болады екен» деп
сүйсінсін Отан сендегі
ұл менен қызға зерделі,
тыныштығы кеткен Жердегі
қасиетті жұмақ, мекен боп
мейіріміңмен жұбат сен мені!





Пікір жазу