04.05.2022
  578


Автор: Фариза Оңғарсынова

Маңғыстау

Маңғыстау!
Мұнарларың шаншылса аспанды ұрып,
тайталаса алмай қалады асқар бұғып.
Жанартаулардай лапылдап отты алауларың,
жанары жасық жандарды жасқандырып.
Шыққанда жасыл жондарың тусырып алдан,
асқар шыңдарға самғауға құлшынар арман.
Айбаттысынған бір кезде таулар да бүгін
асқақ жандардан жасқанып, қымсына қалған.
Болады екен-ау жалынды таңдар да мұндай,
жарқырайды екен түндер де шамдар жағылмай.
Қара жер деген теңіз боп тасқындайды екен,
менің жылдастарымның армандарындай.
Өмірге құштар жандардың
жалын жүрегі дауылды далаға ғашық.
Мұнаралардан жүр мұнда самал адасып.
Жастықтың құрыш қолымен кетіпті бүгін
құмдауыт белді құз кеуде қадалар басып.
Жастық шақ ізін тастаса –
кешегі бозаң, қатыгез құм дала-мекен,
қара ормандармен қайысып нуланады екен.
Осынау асқақ жандарға замандас болып
мен асылы тектен-тек тумаған екем!
* * *
Бір-ақ жайды, əйтеуір, білдім бүгін:
маңайымды, тіпті анау жыңғыл гүлін
сен арқылы ораймын жылылыққа,
сен арқылы сіңіріп күннің нұрын.
Үстемдігін жүргізіп заман мына
адамзаттың болмысы жаңарды ма –
мен, əйтеуір, сезінем сен арқылы
əлемдегі жақсыны, жаманды да.
Самарқаумын қызығу, құнығуға,
табиғаттың жатыр ма сыры мұнда –
кешіремін үлкенді, кішіні де,
жақсы, жаман олардың қылығын да.
Менде бұрын жоқ қылық мұның бəрі,
ұқпай келем өзім де сырымды əлі.
Бар дүние кеткендей сүйкімді боп,
жаным жақтырмастар да бұрындағы.
Еткендей-ақ мен бейне таңды мұра,
нəр құяды бір сəуле əн-жырыма;
сенетінді шығардым əр адамның
бойында бір жақсылық барлығына.
Сен арқылы сүйемін бұлақ, күнді,
сен арқылы қысым – жаз, қырат – нұрлы.
Сен арқылы жұмбақтар шешім тауып,
сен арқылы самсаған сұрақ тұрды.
* * *
Өзіңменен жүрегім егіз менің,
түндер бойы қарманып сені іздедім –
жоқсың. Сонда еске алдым қимастықты
тағдырдың желі үзгенін.
Түндер қандай үрейлі жалғыз жанға,
қалғандаймын күздегі таңғы ызғарда.
Көзім жұмсам, шошытып сұсты елестер –
тылсым ба, жар, құздар ма...
Мазақтайды тағдырдың түні, желі,
көкірегім ызадан тілінеді.
Шыр еткендей қоңырау – сонда есікке
жүрегім жүгіреді.
Жүгіреді. Қайтадан басылады –
естілмейді ешкімге жасы, зары.
Тағдырымның дауылы азынап тұр –
бұл əлде басы ма əлі?..





Пікір жазу