Бауырластарыма
Армысыңдар, бауырлар, бармысыңдар!
Ағаларым – асқар тау, қарлы шыңдар.
Жеңгелерім – жанымның жайлауы еді,
інілерім – шым болат шалғысыңдар.
Сіңлі, келін – періште тілеулесім, –
барлығың да əйтеуір бармысыңдар?!
Бар болыңдар,
сендер болсаң, туардай іркіт күнім,
қашар менің жанымнан сылтып мұңым.
Мен сендердің шөлдегі бір түп гүлің,
сендер барда самғайды бүркіт-жырым.
Сендер барда сезбеймін, сездірмеймін
иығымның, жанымның жыртықтығын.
Тағдырыма жазылмай кемел несіп,
жалғыздықтың бейнетін келем кешіп.
Шыбын жаным шырқырап, ертеңгі күн
не болар деп ел деген ерен бесік.
Менде арман жоқ – алдымда тілек тілеп,
сендер жүрсең, қаумалап, елеңдесіп.
Сендер барда жырым бар, қаным да бар,
желбірейтін туым бар, тағым да бар.
жүдеп жүрсем, жігер бер, жалынға мал!
Арқа тірер жалғанда сендер барда,
өзім кетсем, мұңдылау əнім қалар.
* * *
Шыға жаздап шырқырап шыбын-жаның,
адалдық деп, шындық деп шырылдадың.
Жалғандықтың жырта алмай жамылғысын
қаншама рет қайнады зығырданың,
қаншама рет жылымға жығылмадың.
Ұғып жатыр кім бірақ мұның мəнін?
Сен жүргенмен шындық деп күнде құлап,
бірде күліп балаша, бірде жылап,
жүгіргенің шырылдап бұл өмірде
жатыр дейсің қажет боп кімге бірақ.
Жан күйіңді естуге Күн де жырақ.
Сен жоярдай бастағы қараң күнін
жабырқау жан ақтарды саған мұңын –
бəрін өзі жасап ап, қайғысына
ортақ етпей жүрмейді адам бүгін.
Ал ұғындың, бөлістің қасіретін,
содан жеңілдете ме заман жүгін?
Қаншама азап шексең де жер үстінде,
сақтайтын күш түбінде – адалдығың!