04.05.2022
  110


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жан

Менің жаным шыбын ба шыныменен?
Шығып кетсе болғаны – бүгін өлем?
Жаным – шыбын жəне де біреу өзі...
айтшы, дəлелдейсіңдер мұны немен?
Шыбын болса, жарайды, шыбын болар,
Ал бір деген жай қате ұғым болар.
Жан дегенің жалғыз-ақ шыбын екен,
онда адамда не жөнді ғұмыр болар?
Сақтау үшін алысып жыртқыш елмен
қорғаймын деп жандарын жұрт күшенген.
Жан деп əлдеқандай ғып жүргеніміз
жалғыз шыбын дегенге тіпті сенбен!
Өмір – айдын, тірлігім – кеме-көпір,
кеме үстінде бір шыбын келе ме құр?
Менің күйсіз ішімде жалғыз өзі
не деп отыр немесе не жеп отыр?
Бір клетка қалған жоқ тəнде жасаң,
өзімді алдап, жұртты алдап əнге басам,
Біреу емес, кеудемнен мың шыбынның
қашып шығар кезі өтті əлдеқашан.
Адамда, рас, мың шыбын жан бар шығар,
мың шыбының қырылса, арман сынар.
Ажал-бақа бір-бірлеп таусып бəрін,
қалса менде, біреуі-ақ қалған шығар.





Пікір жазу