04.05.2022
  207


Автор: Фариза Оңғарсынова

Назқоңыр

Мүлгиді Ганг өзені, жағасы гүл,
қармақпен бір үндінің баласы жүр.
Ұйқыдан енді оянып жатыр Дели,
ежелгі үнді елінің қаласы бұл.
Көшелер маужырайды шаң үйірмей,
тымырсық, қарайды асқақ тал иілмей.
Шығыс бет сары жібек оранып тұр,
үнділік келіншектің сариіндей.
Жырақта – Гималайдың бұлт мұнары
қашанда оған жету – жұрт құмары.
Алдағы ыссылықтан хабар беріп,
гүлдердің жанарында шық тұнады.
Қонақ үй отыз қабат – самала жай,
төменде түйіршіктей қала, маңай.
Делидің ортасынан тік көтеріп,
аспанды тіреп қойған бағанадай.
Жайлап ап əнші құстар таңғы бақты,
сұңқылдап көмекейден əн құлатты.
Түнімен қалжыраған қонақ үйді
таң ата ұйқы басып маужыратты.
Кенеттен ағылған бір қара халық
шулады қонақ үйді қамап алып:
«Роза!» «Роза!» деп қайталаған
жалғыз сөз бара жатты ауа жарып.
Көрген бе Розада əн шектеліп,
алдында ел тұрғанда самсап келіп!
Сол сəтте ұйқыда еді, шаршағаннан
Делиде үш күн бойы концерт беріп.
Төсектен тұрды Роза Бағланова,
қарады түк түсінбей жан-жағына.
Портье, тілмаштары жүгірісіп,
қысылды жұрттың əлек салғанына.
Тұр, – деді тілмаш, – бұлар мұңын шағып:
«Ғажайып əнші дейді, ұға алса жұрт.
Концертке ақшамыз жоқ,
бізге осында
берсе екен тым болмаса бір əн салып!»
Қазақтың бұлбұл қызы күлімдеді,
тілмаш та нұрды көрді түріндегі.
Қол соғу, шапалақтан
Дели үсті
бəйгелі алаңдардай дүбірледі.
Балконға шықты Роза жайнап алға,
қалың ел төмендегі айна алаңда.
Қонақ үй иран баққа айналғандай,
бұлбұл қызы сайрағанда!
«Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін...»
Табардай содан адам құзыр емін.
Кернеді үнді аспанын қазақ əні ,
əркімнің ұялатып жүзіне Күн.
Тыңдады тына қалып ел, қаласы,
сол əнмен шайылардай шер, наласы.
Делидің маңайына көшіп келіп
жатқандай қазақтардың иен даласы.
Жүйрік əн қорғанды да бұза жарар,
бұл үннен желден өзге кім оза алар?!
Əрқайсы əннен алтын мүсін құйған
жасаңдар, біздің бұлбұл Розалар!
* * *
Теңіз аласапыран
тұра қашып, көктегі жасқанды бұлт,
күркірейді жағада тас жаңғырып.
Дауыл құшқан толқындар өршелене
шапшиды аспанды ұрып.
Толқындарда толас жоқ
байсалдылық бұрынғы былай қалып,
(əлдекімді, əлде өзін сынайды анық)
арыстандай тордағы аласұрып,
құлайды шыр айналып.
Шыдатпайды теңіздің бұл сынағы,
құлағыңды шулатып тылсым əні.
Қалтылдаған жел қайық жел өтінде
толқынға тұншығады.
Тыныштықпен күн кешпей жай жылымда,
белді буып ағысқа, қайғы-мұңға
ақ желкен боп барамын тағдырымның
дауылды айдынында!
* * *
Мен бір қызық адаммын:
қатал тағдыр сілкілеп мың сынаған,
құлап-тұрып, сонда да тыншымаған.
Жұртқа деген ызадан булыққанда,
сені орынсыз азаптап ұрсып алам.
Сен асқақсың – білемін.
Маған ғана иіліп кішіресің
(иілу де бұл күнде кісіге сын).
Қуаныштың мен үшін не екенін
бұл жалғанда сен ғана түсінесің.
Жыр жазбасам жабығам,
онысыз маған дүние жел өтіндей,
жұрт ұқпайды – жүрем мен неге күлмей.
Ал сен болсаң, қайрайсың, құлшынтасың,
содан саған бір пайда келетіндей.
Жандар көп қой,
жанашырсып жүретін көтермелеп...
жанымдасың болғанмен мекен бөлек.
О, мен кейде қорқамын көп ішінде
жалғыздықтан жарылып кетем бе деп...
Мен өзгенің көзіне
асқақтаған адуын, мұңсыздаймын,
ұқпайды олар – көзімде тұнсын қайғым.
Жыласам да, күлсем де – мен əйтеуір
сенің ғана алдыңда қымсынбаймын.
Сен жақынсың жаныма,
мейлің тіпті менімен күн-түн егес,
өзгелермен күлгенім – күлкі де емес.
Дос көп болсын деседі-ау. Сендей достың
көп болуы адамда мүмкін емес...
* * *
Жатса да асып басынан күнəлары,
жоқ адамның өзі өзін сынамағы:
періштесіп, пəксініп, қайткенде де
іс қылады басқаға ұнағалы.
Бұл əлемде алағай-бұлағайлы
қара бұлттар бүркейді Күн, арайды,
кісі өлтіріп алса да, адам ылғи
өзін емес, басқаны кінəлайды.
Жақпайды оған өзгенің сынағаны,
жау көреді сынаған іні-ағаны.
өз жайына келгенде, адамдарда
əділеттің қыл мойны бұралады.
Жақсы сөзге есер де қалады оңып,
мақтаушыны іні не аға көріп,
ақымақ та данасың десең болды,
шалқаяды қалғандай дана болып.
Көңіл өссе, көрінер жон да шыңдай,
өзің – алып, жаныңда жолдасың – жай.
Сірескен мұз – санаң да мақтаулардан
балқи кетер от тиген қорғасындай.
Секілденіп тас мүсін – жансыз «құдай»
көнбегендер қақшиып қалсын былай.
Биіктіктен, пəктіктен жырақтатып
адамды адам ететін бір-ақ бақыт –
адамдардың, о қайран, əлсіздігі-ай!


Теңіз қайтып, бұйығып жатыр бүгін,
кеше ғана аямай қатулы үнін
тау тасындай жатқан-ды жағаны ұрып,
толқын біткен көрсетіп батылдығын.
Кеше теңіз асаудай шапқылады:
көк пен жерің бас иіп жатты бəрі.
Кеудесіне жиналған запыранды
толқын тентек жағаға лақтырады.
Енді бүгін бірі жоқ. Жалқын маңай.
Су бетінде – аспанға талпынған Ай.
Арыстан жал толқындар аласұрмай,
шағалалар шарқ ұрып шаңқылдамай.
Қайтқан теңізге ұқсайды жаным менің:
кеше ғана жырлы едім, ағынды едім –
бүгін қымызы сарқылған торсықтаймын,
түк жоқ іште, бітіпті дабыл, кегім.
Құпия күш айдынның бағымен тең
бұрқанысты сырымен жаны көркем.
Теңіз қайтса – тартылу емес шығар,
шығар арпалыстарға тағы да ертең!





Пікір жазу