04.05.2022
  249


Автор: Фариза Оңғарсынова

Торғайдың торғын түндері

Астыма алып-ұшқан бір ат мініп,
онсыз да бітпес істі лақтырып,
алдымнан ескен желдің екпінінен
жанардан жас құйылып, құлақ тұнып,
шоқытып шоқылар мен белден асып
(қашаннан менің жаным елге ғашық!),
түсе қап ара-тұра,
аңсары ауған
кеудемді көк жусанды жерге басып,
жүйрік ат жүрегіммен жағаласып,
ізіне ілесе алмай шаң адасып,
күңкілсіз көкжиекке сіңіп кетсем,
қырдағы құйындармен араласып;
сүйтіп бір кең далаға шығандасам,
япыр-ай, жетер екем бұған қашан?!
Құдықтан кəусар суға қанып алып,
баяғы күміс құмға бір аунасам!..
Сырласып қырда кербез кештерменен
(қадірін құлын кезде ескермеген),
туған жер топырағының жылу күшін
қайта бір жүрегіммен сезсем деп ем,
осы бір арманыма жетсем деп ем.
Аңсаумен оралуды гүл шағына
басылар емес жанның сусауы да.
Сонан соң өкінбес ем кетсем мəңгі
айналып боз даланың жусанына!
* * *
Сəлем саған, Торғайдың топырағы!
өзендері, жылғасы, шоқы, жары!
Жыр кеуделі ұлдарың саған деген
жалын жырын жарқылдап оқыр əлі.
Оқыр əлі ерлік пен егіс жырын,
көкейкесті көп əнін жер үстінің.
Жыр ұқпаса ұқпасын мына жастар –
құшағыңды аш, киелі кеңістігім!
Құшағыңды аш – қалсын мұң, қалсын қайғы,
ақындағы ой – ертеңің, халқың жайлы.
Сонау жылғы семсерлер енді жыр боп
жауыздыққа жасындай жарқылдайды.
Жарқылдайды – жыр-əнге құндағың бай –
жалтаңдамай, жарамсақ сынға қыңбай.
Тобылғылы Тобылды аңсағанда
Сыр-ағаның нөсерлі жырларындай.
Жырларындай
көмілмес қырға, құмға,
қарлы қырат, көкорай, қырманың ба –
құбылтқанмен кейпіңді
қанға сіңген
қасиетің – қастерлі құндағыңда.
Күндер зулап, дүниеден жыл көшеді,
жыл көшеді – сəбиден тұлға өседі.
Бір ақиқат – сен барда, дархан дала,
жоғалмайды қазақтың жыр нөсері!
* * *
Қылыштай қайғы кескілеп,
жанымды жылытпай жалын-жыр,
біле алмай – қайда ес, жүрек –
жабырқап жүрген шағым бұл.
Əлім жоқ – құрып тұр дымым,
кеудемді басып бар əлем.
Қаланың тылсым тірлігін
тастап-ақ кетіп қалар ем,
бірақ та қайда? Емдейтін
кімім бар тосып от демін?
«Шаршадың, елге кел» дейтін
жан ағам бүгін жоқ менің.
Барамын сыймай жалғанға,
жарқылдап жүрер сəт қалмай,
жақын ба, мөлдір арман ба –
жырақтап бара жатқандай.
Кейде тым жалғыз сезіндім,
таба алмай мəңгі жақынды,
досым деп жүргендерімнің
сыйластығы да сатулы.
Шыдамайды ешкім мендегі
болмысқа, бұлтты тірлікке.
Сүйемін дейсің сен мені –
тағдырдан онда нұр күтпе!
* * *
Ешкімнің өміріммен ісі болмай,
мен жүрдім қуаныштың құсы қонбай.
Ауысар от басының тірлігінен
адам жоқ – заман тапшы кісіге ондай.
Ұрандап ұмтылғанмен Айға аптығып,
жатқан жоқ ешкімді өмір май қаптырып.
Үлкен мен кіші біткен сабылады
тірліктің тепең көгін жайдақ мініп.
Сергітіп, селт еткізбей бір үн мені,
жүргенде бəрінен де түңілгелі,
«Торғайға барып қайтсақ қайтеді?» – деп
Сыр-аға жанартаудай гүрілдеді.
Желпінді торғайлықтар үй бұзардай,
«Сыр-аға біздікі» деп тұр қызармай.
Бір ауыл меншіктейді
жүрсем Сізді
қазақтың аспанына сыйғыза алмай!
Тау басып түнгі аспанды, жұлдыз көрмей
жүргенге түн де мұнда күндіздердей.
Көңілім көсіледі біреу маған
тобылғы торы арғымақ мінгізгендей.
Ақ боз үй, желі, жусан аз-ақ бүгін,
Шаттық па, мұң ба – əйтеуір ғажап бір үн.
Қайранмын, қырдағы елдің əлі күнге
жоғалтпай жүргеніне қазақтығын.
* * *
Бұл ауыл ұмытқан ба ғұрыптарын,
қалдыңдар неге бірден бұғып бəрің?!
Бөліп ап қараша үйге қамайтындай,
бар ма еді менің бөгде қылықтарым?
Ұмыт боп қалар əлі бұл түн де өтіп,
сонда да келмей қойды күлкім кетіп.
Жамбастап жатып алған анау жігіт
қор қылды домбыраны шіңкілдетіп.
Сауықсыз сылқым кешке сəн келер ме,
шыдамсыз ақын күй мен əн дегенде.
Жұлып ап күмбір кеуде домбыраны
бассам ба, əлде, «Кербез Ақжелеңге»!
Тұрғанда тосып белдер бетегелі,
қайтемін күтпедің деп жеке мені,
өкпешіл жанға мүйіз шығар болса,
қазақтың бəрі арқар боп кетер еді.
Еркелік, басқа зіл жоқ ойымда түк,
(барам ба наз бояуын қоюлатып).
Əйтеуір қазақтығың рас болса,
кетемін өнерімді мойындатып!
Үйретпен мені ұғыңыз, сезіңіз деп,
салқындық төзімнің де тезін үзбек,
Мен енді кетем кезіп Сарыарқаны
даланың қызды ардақтар кезін іздеп!
* * *
Ұлытау жатыр қойнына
шежірелерін жасырып.
Қастерлі мұнда ой, жыра –
кердеңдей бассаң – асылық.
Бұлақтың маңы ескірген,
ағады көзі де ашылмай,
Күші бар бірақ тепсінген,
өтетін жанға бас ұрмай.
Қалмаған маңда жан неге,
баяғы қоныс – бүгін жат.
Қайыңды тоғай əлде не
айтайын дейді сыбырлап.
Бұл жерде əсте жат қалғып,
сен болсаң – тұрсың қан ойнап.
Қазақтығыңды мақтан ғып
күрсіндің жəне абайлап.
Жайлатпай жанға кең жерді,
бабалар жауға шапқан жер.
Тапайын мен де ездерді –
қай жақта жүрсің, ақтаңгер?!
Қазақтың қызы, келсе орай,
найзалап жауын сұлатқан.
Бір зулап өтсем мен солай,
шығар ем шіркін мұраттан!





Пікір жазу