Қартаймай жүрсін қарттарым
Ақ үміттердей ақ мамық
арбайды, қолға тұрмайды.
Көңілдер бүгін шаттанып,
аңсайды бақыт-жыл жайлы.
Жыл жайлы
соңғы нүктеге
жетелер адам біткенді.
Сонда да мынау жұрт неге
желпініп Жылды күтті енді?
Күткен-ді көктем құсындай,
сенім мен бақыт таңдарын.
Көзімнен бұлбұл ұшырмай
үмітті мен де жалғадым.
Мұң табы жатса күлкімде –
сан қатерлерден шаршағам.
Армандап жүріп,
бұл күнге
жете алмай кетті қанша адам.
Сонда да тірлік жалғасып,
қадайды жанар жас қарға.
Табысып Жерде сан ғашық,
шашуын төкті Аспан да.
Мейірімдермен, үмітпен
жалынсын дала-құндағым,
тазартып жерді күдіктен,
келе бер, Жаңа жылдарым!
Қартаймай жүрсін қарттарым,
көгерсін кірсіз көңілдер,
елемей тірлік ақпанын,
жасара берсін өмір-Жер!
* * *
Өтіп жатыр күндерім
қуанышсыз, қайғысыз, үнсіз менің:
көппен бірге жүреді құр сүлдерім.
Күзгі жауын секілді сүйекке өтер
білер ме ешкім жаныма мұң сіңгенін,
естілер ме біреуге күрсінгенім?!
Алау сезім мендегі
толқын жеген желкендей ескіргелі,
таң атпайды, күнім де кешкірмеді.
Сұрғылт тартқан мынау кең дүниеде
түсінбейтін секілді ешкім мені,
елестейді мүсіндей кескіндері.
О, мен қанша сенделіп сеңді кештім,
сонда менің жаныма келді ме ешкім?!
Мен досыңмын дейтіндер тамашалап
қарап тұрды,
дүлеймен мен күрестім.
Есеңгіреп қалыппын сол жылдардан –
сен келсең де, сірə, енді сергімеспін.
* * *
Қызғанбаған сəттерің – қинағаның,
қинағаның – аяудан қимағаның,
аяғаның – өртенген сезім емес,
əшейін сыйлағаның.
Бұл – зұлымдық. Маған да, өзіңе де,
сен сөйткенің сыймайды миға, жаным.
Қайтем, қайтем, сезімді бұйдаладым.
* * *
Өзіңе өкпелегенім –
мұңданып төккен өлеңім;
соншалық ашуланғаным –
жаныммен ашынғандағы үн;
қалғандай құрғап тамағым –
тіс жарып тіл қатпағаным;
сіміріп сағыныш зарын,
өзің деп алып-ұшқаным;
шайғандай тұнық бір ағын,
өкпені ұмыттырарың –
бəрін де татып келемін.
... Осы екен бақыт дегенің!
* * *
Төсекте тынши алмай
жатсаң түнде,
байырғы тыңшылардай
құлақ салып күздегі қайтқан қаздың
мұңды əніне қосылып сыңсыған жай,
тыңдашы үн шығармай:
қаз қайтады
(арманы мол жүректің аз ба айтары...),
ол əлі күн өзіңе сездірмеген
мендегі назды айтады.
Қоштасудың мұңдысы-ай, кездесуді
табиғат жазғай тағы.
Қаз қайтады
əуенімен елітіп таңғы үмітке,
үміт-нəрсіз көңілге сəн кіріп пе?
Қош айтыссын, қиылып қоштасусыз
сағыну жоқ, жоқ тіпті бал күдік те.
Ауруынан тұрмасын сезген жандай
қоштаспағай тек қана мəңгілікке...
* * *
Келеді еріншек түн.
Жасыл құрақ. Үн де жоқ жағада түк.
Көл мөлдіреп көзіндей келіншектің,
жанарына аспанды паналатып,
керілді айлы нұрда
сүт сəулеге кеудесін жалаңаштап.
Жалтылдаған тайғанақ айдынында
егіз аққу сырғанап барады асқақ.
Аспанды өртеді үміт,
Жер-сұлуға сұқтанып сол шақтағы.
Айнакөлдің жанары төңкеріліп,
жарқылдайды төсінде моншақтары.
Тына қап жел де жансыз,
сұлулыққа қарайды Ай да жасып.
Екеуміздей, Аспан мен Жер де амалсыз
көздерімен тұрды тек аймаласып.
* * *
Қоңырқай бұлт тас түйіп қас-қабағын,
тұмшалады аспанның жақсы ажарын.
Көп жыламас адамның көз жасындай
төгіп жатыр шелектеп тасқа зарын.
Бұл қалпында түрі жоқ күш сынатар:
найзағайы шындықтай сұсты, қатал;
қараланған жаламен адал жандай
жанарынан ызаның ұшқыны атар.
Сорғалатып жүректің жасын жақұт,
əйнекті ұрып барады тасырлатып.
Мен отырмын бөлмеде тұншыққандай
таза ауаға шыға алмай, басым қатып.
Жүгіруге еркіндеп жасыл жайға
жер лайсаң. Көңілсіз осындайда.
Қолшатырға бүрсеңдеп тығыласың,
бұлты тарап, мына күн ашылмай ма...
Қара жаңбыр əлі де құйып тұр-ау,
аттай алмай отырған сиық мынау.
«Əрі тəтті, əрі ащы жыр жаз», – дейсің,
не жазылар мұндайда, сүйіктім-ау...
* * *
Жұрт мені қатал дейді,
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады ақыл маған:
өр көкірек, тəкаппар, менменсіген...
ұнатпайды дəл мұндай ақынды адам
(одан сайын мен шіркін қатуланам).
Біреулер қиялдайды:
мұндай адам ешкімді сүйе алмайды;
өтірік өлең жазады талықсыған,
қайдан ғана бал сезім таныс бұған?
(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды
ойларымен өздерін алыстырам).
Біреудің жаны ашиды:
ол ақын ғой өзгеше, дара сыйлы:
ал ақындар сезеді барлығын да,
ақылды да болады, данасиды.
Жастар
жара түспеген жанына əлі
түсінгендей жанымды табынады;
менің асқақ һəм мұңды жырларымды
іздеуі хақ солардың, сағынары...
Мен кешпеген дүние жоқ екенін
сезеді олар. Сезеді бəрі-бəрі.
Мен солай көрінемін,
Жер секілді құбылтқан өмір өңін.
Міз бақпайтын адамдай жүре берем
күйіп-жанып жатса да төңірегім.
Білмейді жұрт (білмесін көңіл емін)
Менің барлық бал қылық, нəзіктігім
сенің ғана алдыңда төгілерін!
Көздеріңде
ақыл, ой, мұң тұнады,
адамдайсың қанбаған бір құмары.
Жаның жүдеп, дəрменсіз отырасың
маған қарай жүрегің бұлқығалы.
Мен біреуге жарқ етіп қарадым ба –
қызғанасың
жалт ойнап жанарыңда.
Менің тəкаппарлығым тұншықтырып
көмілесің амалсыз нала, мұңға.
Жүрегіңді өртейді зар ма, мұң ба –
қайғы əкелер қол жетпес арман ұлға.
Мен елік боп көзіңе көрінгелі
көріксіз боп кеткендей жан жарың да.
Үміттенер мен жақтан естілмейді үн,
сезбей ме деп ой селін кештің кей күн.
Əйел сезбес сыр бар ма бұл жалғанда –
сезем бəрін. Білемін. Тек сүймеймін.