04.05.2022
  184


Автор: Фариза Оңғарсынова

Сағыныш

«Жылқым жатыр Ақкөлдің шаңдағында...»
Қалып қойды-ау осы бір əн жанымда.
Менің қарлы көңіліме көктем берген,
аяулылар, қол бұлғап қалғаның ба?
Мұң-назымды арманмен жалғадым да,
Алатауға қайтадан самғадым ба,
шуақ-сезім жанымды жадыратып,
шырқап келем əйтеуір таңдарыма.
Мөлдір су боп Ақкөлге жетті ме əнім –
ақ ниеттен елжіреп кетті жаным.
Кейде көңіл құлазып, кеудем қысса,
тартсам ба екен Таласқа деп тұрамын.
Мəңгі тастап кеткендей санамды арман
сезінгенде, сенделіп саған барам...
Жараланған жаныма нəр алғанмын
бəрін ұғып тұратын жанарлардан.
Құшақ жайып анадай сағым белім,
желпіп өтті жанымның шаңын желің.
Су сағынған даладай сусай берді
ықыласқа шөлдеген жаным менің.
Мына ортада жүрек – күн, жаны – сырнай
шыдарсың ба кеудеден əн ұшырмай!
Кемпір-шал да білетін ата-анаңды
бала күнгі бейкүнə танысыңдай.
Қалмағандай көңілде бір күдік те,
жаның қайта талпынып нұрлы үмітке...
Жүрегімді шашу ғып шашсам ба екен
жатқа соққан жырымды қыз-жігітке!
Ұмыттым да кей жанның күңкіл лебін,
тылсым құшақ таулардың дүмпулерін,
менен биік жан жоқтай бұл ғаламда,
жұлдыздарды жаңғыртты күлкім менің.
Тұңғиыққа кеткендей батып əлем,
тірлік демін жүргенмін татып əрең,
қайғырғаным...
осындай елім барды –
күйгелек ем, не деген ақымақ ем!..
Күйіп-пісіп қалса егер тағы жаным,
Талас жақты еске алам, сағынамын.
Талықсытсын тіршілік. Мен білемін
жампоз жандар жанымнан табыларын!





Пікір жазу