04.05.2022
  218


Автор: Фариза Оңғарсынова

Шаңырақ туралы жыр

Қос жүректің
бір соққан лүпілінен,
махаббаттың армандай жыр тілінен,
лəззаттың таңдардай
нұр түнінен
жаратылған
жемісі гүл-жанымның
сезімімнің, шашылмас сырларымның,
қалампырдай иісінен құндағыңның
жаным жасыл бүр атып жасарамын,
сен келдің де,
басқаны тасаладың.
Ғұмырлымын,
мен енді мəңгілікпін –
мəңгілікке жалғасқан
жас Анамын!
* * *
Сен ендің де жаныма, жас қаныма
Күн шыққандай көңілімнің аспанына
мамыражай күйге ендім.
Түкке тұрмай
қалды басқа бақыт пен басқа мұра.
Сені ойладым, оңаша күлімдедім,
сұлуланып кеткендей түрім менің.
Мен өмірден ештеңе елемедім –
аптап, аяз, күздегі іңір желін.
Аялады күн сайын таңымды үміт,
күлімдеді бұл жайды жарым біліп.
Мұң, кірбіңдер жырақтап жөнеді де,
шуақ шашты жанарым жаным, күліп.
Мен тоғыз ай рақат нұрын кештім!
Ғұмыр кештім, сезді ме мұнымды ешкім?!
Түңілермін өтуден ана болмай –
бұл өмірде басқадан түңілмеспін!
* * *
Дөңбекшідім. Күрсіндім –
Күрсіндірдің,
бітті-ау дедім тұз-дəмі қыршын күннің.
Айқайыңнан ес жидым.
Көзімді аштым,
Денем əлсіз. Бірақ мен мұңсыз күлдім.
Сенің үнің! О не еткен сазды үн еді!
Айықтырды сол əуен, жазды мені.
Бар əлемде –
жалғыз-ақ сол бір дауыс,
титтей тірлік – өмірден аз білері.
Жылағаның, күлгенің, түлегенің,
əр қимылың – қызығым, жүрек емім.
Менің жаным бақыттан талықсиды,
көкірегіме тигенде жібек ерін.
Сен келгелі шуақсыз таңым бар ма –
оранды əлем ақ сəуле – сағымдарға,
cенің титтей тірлігің қымбат енді
өмірімнен, өзімнен, жарымнан да!
* * *
Күнім де сен, бөбегім,
гүлім де сен, бөбегім.
Əлдилеген анаңа
күлімде сен, бөбегім!
Айналайын, бөбегім,
аймалайын, бөбегім.
Анашыңның күні боп
жайна дəйім, бөбегім!
Бал түндерім, бөбегім,
даңқым-жерім, бөбегім!
Арман тауым асқарым –
халқым менің, бөбегім!
Аңсағаным бөбегім,
салсам – əнім, бөбегім.
Сені аялап таңдарды
қарсы аламын, бөбегім.
* * *
Ана болмай өткендер... сағы сынып,
жалғыз қалған қайықтай ағыс ұрып.
Шаршай алмай талықсып рақаттан
жүгірмеген бала үшін жаны шығып.
Құрсақ көрмей қураса есіл денең,
аянышты бұл жаза – кесім дер ем.
Табиғаттан жазылған лəззатты
ғұмырында басынан кешірмеген...
Тағдыр кейде қатыгез –
сезем, ұғам.
Бірақ Адам қаталдау – себеді ылаң:
нейтрондық бомбадай түршіктірер
«өзім үшін – өмірім» деген ұран.
Өнерлі ме ел сүйген дарыны асып –
күрсінеді бəрібір жаны жасып,
ана болу бақытын сезіне алмай.
Мен күлмеймін.
Жылаймын жаным ашып.
* * *
Сəбиің болмағаны –
қара басқа қасірет орнағаны,
улы атомнан күйгендей ана-құрсақ,
ешбір бақыт жаза алмас ол жараны.
Жас тəннің құлқын қамы –
ана өз қанын төгуге ұмтылғаны –
көктемеде қуарып гүл қырдағы,
жер бетінде тірліктің құртылғаны.
Сəбисіздік –
бос ғұмыр
тұл арманы
кепкендей су арналы.
Сəбисіздік –
ананың тілі шіріп,
ата-баба қанының суалғаны.
өлшеміндей адамзат жан, арының
табиғат та біледі бала құнын.
... өмірімнің жаз гүлі – кішкентайым,
тірлігімнің мазмұны – аналығым.
* * *
Құлыншағым, сөйледің!
Шықты-ау тілің!
Жарығым, құйттай күнім!
Тіліңдегі «ападан» басқасын мен,
айым-ау, ұқпай тұрым.
Айдындаймын сүйетін жағасын күн,
Өзіңмен дара шыңмын.
Былдырлаған сенің бұл сөздеріңде
тілі бар анашыңның.
өзің барда үзіліп қалмас əнім,
түнімді таң жасадың.
Сенің титтей жүрегің, тіліңменен
ертеңге жалғасамын.
* * *
Махаббатым жалғыз-ды, біреу еді,
жас жанымның үздігіп тілегені.
Өзім онсыз өмірді сезіне алмай,
жалғыз ғана сол еді жүрек емі.
Ұмыт қалып еркіндік, заң бұрынғы,
қол ұстасып қарсы алдық таңды нұрлы.
Сенің əкең болатын махаббатым
мойындатқан əйелдік тағдырымды.
Иə, иə, сол еді бар құмарым,
бақыт кешкем, шырқағам шалқып əнім.
Сен келдің де жар салып дүниеге
қос жүректің шамы боп жарқырадың.
Таусылғандай бойдағы жан-шыдамым,
сені құштым енді мен, тал шынарым!
Бір теңізге құйылған қос өзендей
қос махаббат – қос жанар – шамшырағым!
* * *
Ауыл қандай! Көкорай дала деген!
Көкорайда сайрандап қалады өрен.
Атаң саған қуанып ат мінгізіп,
жарыстырды өзіңдей баламенен.
Жалдан тартып жармастың атқа сонда
(жарыс дəмін бұрын сен татпасаң да),
қиқулатып жөнедің. Дала төсін.
тұлпар тұяқ орады мақта-шаңға.
Ат мінгізді атасы балама деп,
əкең тұрды қуанып саған ерек.
Жаным шығып сонда мен жылап тұрдым
жазатайым жазым боп қалама деп.
«Атқа шапқан – бақыт», – деп жеңгейлерім
жұбатса да, жүрегім көнбей менің
алып-ұшты. Тұра алмай бір орында
«Бəйге құрсын, өзі аман келгей...» – дедім.
* * *
«Отан деген не?» – дейсің, ұлым, маған.
Ол – сенің ғұмырлы анаң.
Жөргегіңнен жаныңа сіңіп қалған
əнің мен жырың, балам!
Отан – мынау өз үйің, қара, жаным,
ойнаған дала, бағың.
Атаң шыққан бұл үйден, əкең шыққан,
өскен мұнда баяғы бабаларың.
Жасыл орман, тыңдаған бұлбұл əнін,
асқар тау, мың бұлағың.
Отан – есік алдында бірге ойнаған
өзіңнің құрбыларың.
Отан – үйдің ертеңі, қаны, жаны –
өзіңдей сан ұланы.
... ұлым, сенсің кең байтақ біздің үйдің
кішкентай шаңырағы!





Пікір жазу