04.05.2022
  449


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өлең

Дара күндерімнің,
нала түндерімнің
серігі болғаның үшін,
сенімі болғаның үшін
мен сені аялаймын.
Біреудің пасықтығынан,
біреудің жасып мұңынан
жүрегім сыздаған кезде,
жаным мұздаған кезде
мен сені саялаймын.
Біреудің күлкісін көріп,
бақыттының түр-түсін көріп,
шаттанып қалған шағымда,
жеткендей арман-сағымға,
қуаныштан дірілдеп денем,
алдыңа күлімдеп келем.
Ажалмен айқасқан сəтте
қыршын жас көз ілгенін көріп,
өткінші сезімдерді көріп,
кешегі «доспын» дегеннің,
минутта жерінгенін көріп,
кімнен өшімді аларымды білмей,
кімдерге кінə тағарымды білмей,
алдыңа лапылдап келем,
жарылуға жақындап келем.
Өмірдің өткелдерінен
қиындық көп көргеніммен,
өртеніп от басқаныммен,
өзіңмен қоштаспадым мен.
Күлкімді, жайлы күнімді,
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін,
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін,
өлең, мен сені аялап өтем!
* * *
Мен өзімнің жауларымды
өле қал деп ешқашан қарғамаймын,
не өксітіп кетсін деп арман-айдын.
Қайғы бассын дер едім – жаны ашығыш,
ойшылдау боп кетесің барда қайғың.
Мен өзімнің жауларыма
тілемеймін елжіреп сүюді анық,
дүниені ұмытып,күйіп-жанып:
шын махаббат малтыққан сəттеріңде
шығарады сəулелі қиырға алып.
Мен былайша қарғаймын:
есің кетіп сүйе алма ешкімді де,
жалғыз өткіз дөңбекшіп кеш, түнді де;
қуана алма жаныңмен, жылай алма,
жалғыздықпен өмір сүр шексіз бірге!
* * *
Мен саған қарыздармын.
Жүрегімде шаттық бар. Бар ызғар, мұң.
Біз екеуміз кешкен күй ұқсас керім
сезіміне ғажайып аңыздардың.
Мен саған қарыздармын. Сен де маған.
Басқа қызық-шыжықтар ем бе маған!
(Бір-біріне қарыздар екендігін
неге біле бермейді жердегі адам?)
Менің мына жүзімнен жел жалаған
шаттықтардың шуағы танылмаса,
жанарымнан ой-тұман арылмаса –
жанымда бар ызғар, мұң:
оны сезім-нəріңмен емдеп алам,
немесе анау ақкөңіл елге барам –
жусаны да жайымды ұғынатын,
кемпір, шал да қалқам деп бұрылатын
көтергендей ақ басын жерден анам.
Шырқыраған жанымның бір тынымын,
жүрегіме нəр берер Күлкі, жырын
іздеймін сенен жəне кең даладан!





Пікір жазу