04.05.2022
  214


Автор: Фариза Оңғарсынова

Таразға сәлем

Күйбеңдеп өткізумен бекерге күн,
тарылып асар тауым, кетер жерім,
шідерлі Шалқұйрықтай сезінгенде,
Таразға тартып кетсем бе екен дедім.
Сол жақта ел бар еді жаны жарқын,
ел-жұртың жарқын жүрсе, жабығар кім;
жасарып өнер десе кəрілері,
жастардың ұласатын таңына əр түн.
Хан ба, əлде періште ме шерлі жетім –
əркімнің қадірін сол ел білетін.
Тараздың халқы сондай: сөйлемей-ақ
көңілін көздерімен сездіретін.
Ақынға түғыр болған, батырларға,
тұғырсыз тылсымды алар ақын бар ма ?!
Таразда сұлу сіңлі, жайсаң іні
жаныңды жақсы ұғатын жақыннан да.
Мыңбұлақ, Айша бибі, үш аралы ...
киелі жерден адам күш алады.
Шіркін-ай, Ақкөл жақта əн қалықтап,
қаз-үйрек Билікөлден ұша ма əлі ?
Адалдық ауылынан жұрт ығыстап
жатқанда, уақыт-ханның құлқы қыстап,
Тараздың саф самалдай көңілімен,
япыр-ай, қайтсам ба екен бір тыныстап?





Пікір жазу