Жетімтау
Көп жұрттың ұғымында: Айға аттаған
мен жүрген жаны қайрақ, қайратты адам.
Ал өзім «жетім» деген сөзді естісем,
сол бойда құздан құлап, жайрап қалам.
Сан ғасыр шыр айналып жұмыр жерім,
таппады жетімдіктің бүгін де емін.
Жан-жағы – тұлдыр дала тауға қарап:
«Жетімтау. Жетімтау...» – деп күбірледім.
Бұл дертті жоқ менің де емдер дəрім,
жанға, рас, жаны жүдеу дем берді əнім.
Таңдандым таулар да шын тата ма деп
жердегі жетімдіктің кермек дəмін.
Маңайда естілмейді жыр да, шу да.
Сонда да көңіл соқпас құр жасуға.
Жанында Жетімтаудың таулар түгіл
төбе жоқ сырласуға, мұңдасуға.
Айнала – қиыры жоқ сырлы далам,
Жетімтау асқақ қарап тұрды маған.
Тас жарып сайға қарай жарысады
қос бұлақ құлыншақтай құлдыраған.
Мен тұрдым ойлар сүйреп, мұңға кетіп,
Жетімтау шыныққандай сынға бекіп,
күлкілі, күбірлі орта қызықтарын
тұр асқақ жалғыздыққа құрбан етіп!