04.05.2022
  127


Автор: Фариза Оңғарсынова

Аға рухымен сырласу

Халқымыздың ардақты азаматы, белгілі қоғам қайраткері
Тұтқабай Əшімбайұлын еске алу
Күн кешіп бейнет, азапта,
шашырап жүрген қазаққа
азаматтар керек сендей бір,
даңғаза, дауға ермей құр
мейірімін елге таратқан;
ойын ұқтырып қабақтан,
əділдігімен, арымен,
жанашыр, жайсаң жанымен
аузына жұртты қаратқан.
Жастарға сілтеп жолды айқын,
халқының қамын ойлайтын,
естіні тартып, дос көрген,
мастанбай билік тағына,
көмілмей мансап шаңына,
жағымпаз бенен жылпосты
жақындатпаған маңына.
Қазағын сүйген жерім деп,
бөлшектеп бөлмей үш жікке:
арқа мен батыс, түстікке –
топтамай бəрін тең көрген.
Қарияны көрсе жол берген,
қиянат көргенге қол берген.
Билігін елге бұлдамай,
сыпсың мен сыбыр тыңдамай,
кісілігімен сыйлатқан,
кішілігімен тіл қатқан.
Ертелеу жұтып отты күн
ағаларым сиреп сендей кіл,
жанымның күйі келмей жүр,
көтерілмей қойды шоқтығым.
Əкім дегендер көп бүгін
көк тірейтіндей төбесі,
əділдігі мен өресі
қара басынан аспаған,
құрығымен жұртты жасқаған.
Адамдық пен адалдық
жасқаудан жасып ақсаған.
Бөріктінің барлығы
еркексінеді бекерге,
көліктінің барлығы
сарбаз емес екен де!
Жайылған жазық жапанда,
перзенті – мылқау, досы – жау,
өртеніп қалмағыр мекенге
өзіңдей ерлер көп керек:
ықтырып келген жат арна
көлденең шығып көк төбет
абалап маған үрмеске
өзіме-өзім өкпелеп,
үйімде жасып жүрмеске;
қосылуым үшін қатарға,
алаңсыз таңым атарға!





Пікір жазу