04.05.2022
  240


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ішітардың ішкі даусы

Мен данамын, уа, халқым, данышпанмын!
Ұқсаң ет-ті – түлкі кім, арыстан кім?
Ортаңда ылғи жарқылдап мен жүргенде,
бекер, бекер іздейсің алыстан күн.
Мендей дара тұлғаны туғызып ап,
қадір тұтпайтыныңа намыстандым.
Мылжыңдарға жүр кетіп бүгінде есем,
мен, əйтпесе, мұншалық жүгірмес ем.
Баяғыда-ақ шырқар ем
сен əлемге
тек осыған табынып, жүгін десең.
Сен түйсіксіз кереңсің,
амал құрып,
лай суда тобырдың күнін кешем.
Бағаласа, бұл жұрттан түңілмес ем,
түңілмес ем тек мені шын ұл десең.
Жапырылып даланың кəрі-жасы,
құлау керек алдыма, жығыл десем.
Тұмау тиіп түшкірсем, тыраң асып,
қуануға тиісті күлімдесем.
Мақтауға сен жоқсың-ау, дойыр дала-ай,
өзің жайлы жақсарсын ойым қалай.
Көкмиларды қолпаштап көсем қылып,
мен секілді жақсыңды сойылдамай.
Мойындатам! Қашанда жат таныған
ұлыларды, өз елі мойындамай!
* * *
Тұла бойы, жүйкесі – бəрі білім,
сұлу сөзбен өрнектеп əр ұғымын,
білмесі жоқ сол жанды тыңдағанда
ұмытасың дүниенің кəрілігін.
Қалай ғана сыйғызған бір басына
адамзаттың қол жеткен бар ілімін?!
Ол сөйлесе, ұмыт боп алдағы асың,
жын ұрғандай əп-сəтте арбаласың.
Көмейінен сөз-жебе атылғанда
шығармастай алдына жан баласын.
Бір дананың бір сөзін жаттамаған
байғұс екем өзім деп зар қағасың.
Жалғандыққа жерде адам құныққалы,
табиғат та талғамды құлыптады.
Лай суда күн кешсе, ойлайды адам
осындай деп кəусар да құдықтағы.
Құла түзде бұлақ боп көз арбайды
жұртта қалған шөлмектің сынықтары.
Қала көркем бұл күнде, дала ғажап,
тұрмысынан тарыққан адам аз-ақ.
Боз борықтай үлбіреп бара жатыр
күн қақтаған баяғы қара қазақ.
Тек ... бойына топырақ нəрі сіңбей,
жəшікте өскен гүлдерге ауа да жат.





Пікір жазу