04.05.2022
  211


Автор: Фариза Оңғарсынова

Кейде

Жұрттың бəрі жексұрын –
ер жігіті, таң қызы.
Жақтырмаймын ешбірін –
мені ұқпайды жалғызы.
Елең етіп əр үнге,
қимылымнан сыр аңдып.
Сезім емес, бəрінде
жай бір көрсеқызарлық.
Ортақ емес мұң, жаным –
жасы да алшақ, жат халық.
Отырған боп сырларын
маған ғана ақтарып.
Күдіктенем, бал ашам, –
неге маған келеді?
Бір пайдаға жарасам,
сол оларға керегі.
Көрер көзге – бəрі əсем,
балғын жасты сынар кім.
Тумай жатып, қара сен,
пайдашылын бұлардың!
Сөз-бөкпенмен алдадым,
мен де бəрін, саспадым.
өзім, үйім – бар қамым,
керегі жоқ басқаның!





Пікір жазу