04.05.2022
  246


Автор: Фариза Оңғарсынова

Әйел

Жарқыраған нұр жамал –
он төртінен туған ай.
Жаны – тұнған сырлы арал
гүл өсетін қурамай.
Құралай көз – тұңғиық,
жылу да бар, мұң да бар.
Жақсы көрсе – нұр құйып,
жақтырмаса – бұлданар.
Көрсе жігіт, көрсе де ел,
адасады жол көрмей.
Жігіт жігіт болса егер,
қала алмайды өртенбей!
Адам біткен таңданар –
барсын қайда, қай елге.
Ол жанарға арбалар,
жігіт түгіл, əйел де!
Қас жүйріктің дəл өзі,
мықын қандай бұралған!
Əн мен ырғақ – əуезі,
тілдесу де бір арман.
Жанындағы сəби де
сезім соққан бір мүсін!
Мұндай ару əр үйге
ұялатар Күнді шын!
ІІ
Мен саған түсінбедім.
Неге осы мен тек сенің күшіңдемін?
Аңыз болған өрлігім былай қалып,
сезіміңнің алдында кішіргенім.
Мазамды текке менің
алма. Жетті. Сүймеймін. Жек көремін.
«Сазайыңды тартқызам, оңдырмаймын,
тек көзіме бір көрін!» – деп келемін.
Деп келемін,
кегімді шектемедім,
мəңгі өшпейді өзіңе өкпелерім.
Жалғыз жұмбақ – мен осы неге сені
осынша жек көремін?
ІІІ
Не болды осы?
Қайда ашуым қоймаған жанымды жеп,
қайда кезім тістенген налып, жүдеп?
Кінəлі сен, ызаның бəрін қуып,
жылуыңа балқытқан, жалын жүрек!
ІV
Өзіңді-өзің жұбатып,
өзіңді-өзің алдайсың.
Күнді солай ұзатып,
түнді солай жалмайсың.
Батып жүріп мұң-шерге,
бір алданыш іздейсің,
болмайтынын білсең де,
бір үмітті үзбейсің.
Алдарқатып əр сəтті,
берілесің бір іске.
Толтырасың саусақты
алтын менен күміске.
Шаншиды деп бармағым,
дəріменен алдадың –
ауыратынын бар жаның
сезіп-ақ тұр ар жағың.
Бойлатпайсың сырыңа,
қалаларды шарлайсың.
Төрт жағы да құбыла
бір керемет жандайсың.
Жеңе алмасаң төзіммен,
жеңе алмайды есті айла.
Бірақ өзің өзіңнен
кете алмайсың ешқайда!
V
Болмысы балбыраған таңғы бақтай,
тұлғасы заузадағы балқұрақтай,
бар жайды, айтқызбай-ақ, көзбен ұғып,
лыпиды
бабындағы арғымақтай!
Өтеді, көзі түссе, кім бұрылмай,
ниетін ұқтырады құлдық ұрмай.
Сөйлесе зілді орта да бір жадырап,
күлкісі күміс теңге сыңғырындай.
Əзілі назымен тең, Күн – қарасы,
кетердей жүрегіңнің мұң, наласы.
Білмеймін теңеулерді, білетінім –
жігіттің оны сүйген шыңда басы!

Көңілімнің таппадым өзгеше емін:
жүрегімде – өзіңсің, ол – жанымда.
Шыныңды айтшы – мүсін боп мен де сенің
əлеміңде мəңгілік орнадым ба?
Көңіл-көзім кетеді жырақ кезіп,
сонау шақты мен ойша кешем жүдеп.
Бұлқан-талқан болмаймын жылап, безіп,
ол құшқанда қалмаймын есеңгіреп.
Көзқарастан ойларды ұғып алып
сəл нəрсеге өкпелеп отырмаймын.
Қара тастай басады (мұным анық!)
оған деген сезімнің отын қайғым.
Байсалдымын байыпты, салмақтымын,
өрт кешкендей күйімнен арылғам мен.
Найзағайлы жылдарым – ардақ күнім –
ығып кеткен көктемгі ағындармен.
VІІ
Зауқың да жоқ күлерге,
жабырқаусың тағы да:
бір нəрсе ме, біреу ме –
жетпейтіндей жаныңа.
Жынданасың ашумен,
жаныңды өртеп бір өкпе.
Жылап алсаң, жасың да – ем,
жеңілдейді жүрек те.
Қарайсың да басқаға,
қызығасың мұңданып:
мəз болады басқа да,
жанарында нұр жанып.
Нені істесін – бəрінен
тек рақат алары,
бозбаламен, кəрімен,
əйтеуір, тіл табады;
өмірі де күнгейлі –
ұрынбайды бір сеңге.
Сені пəк деп білмейді,
періште боп жүрсең де.
Іш жағыңда зарлы мұң.
Не еткен жаза? Түсің бе?
Бұл өмірде барлығын
сезе алғаның үшін бе?
VІІІ
Сабырым сарқылды ғой
өзіңді күтуменен,
жансыздай бүкіл денем,
тамырым тоқтағандай,
сендегі отқа жанбай –
көңілді бүтіндемен!
ІХ
О дүние-ай, оралды-ау көктемдерім,
көктемдерім – өзеннің өбкен демін.
Сенен өзге ешкімнің жанарынан
мені өртер от көрмедім.
Жанарымды нұр шалмай көптен менің,
əрқайсысы ғасыр боп өткенде күн,
көңіл, көзім түспеді
толып жүрген
жанымда көп пенде кім?
Ұстап бүгін арманның нұр желегін,
тұрғандаймын үстінде Күн-кеменің.
... Орындалса, арманның өлгені.
Енді мен қалай күн көремін?
Х
Сен күлгенде – нұрланам,
сен күрсінсең – алаңмын.
Азабы ма бұл маған,
мазағы ма ғаламның?!
Жақтырмасың – жауымдай,
осы күйді тауыппын.
Ауырсам да ауырмай,
сен отырсаң, сауықтым.
Жоқ өзімдік күш, жайым
,
олар мүлде жойылды
.
Ертектегі құстайын
қайталаймын ойынды
.
Жатырқаймын келсе анам
,
Бұл не сиқыр, ақылдым?!
Жылдан жылға мен саған
ұқсап бара жатырмын
.
Алыс қалды ауылым
,
сарғайтпадым сананы
.
Бауырымнан бауырың
жақын болып барады
.
Кейде өзім де таңданам
,
мəнін жойсаң, бұл – апат
.
Ең ғажабы – ал маған
соның бəрі рақат
!
ХІ
Кемпір отыр қақ төрде
қарағайдай жаулығы
.
Шырай берген жақсы өңге
,
шіркін, деннің саулығы
!
Шал соғыстан келмеді (жігіт еді арлы бір),
ананың бар ермегі –
екі жасар жалғыз ұл
.
Өсірді ұлын
,
бүгінде
ерек тұлға елдегі
.
Ана жанын, түрін де
жалғыздығы жеңбеді
.
Рас, сонау кем
-кетік
жұтты жастық жылдарын
Немере енді ержетіп,
сүйгізуде ұлдарын.
Отыратын баппен кіл
(бабы болса, жылиды үн!)
ақ жаулықты ақ кемпір –
генералы бұл үйдің!
Халқымда сан жатталды
жақсы салт пен жақсы ырым
Қастерлеймін
қарттарды
аялайтын дəстүрін.
ХІІ
Ай қабағы күлімдеп сұлу жеңгей,
қояр емес дүниенің мұңын жеңбей.
өзі тұрған мəуелі бір бəйтерек,
ошағының маңайы рулы елдей.
Жанына оның сыйғандай дала мына,
айтқан сөзі былжыр ма, бағалы ма –
тексереді жымиып қарап қойып
төрдегі отағасының қабағына.
Кемпірі ме ауылдың, шалдары ма –
келе қалса солардай арға мұра,
таңданады жас келін
енесінің
жас баладай елпілдеп қалғанына.
Немерелер кіл ерке, заманы нұр,
ертегі емес əжесіз бала ғұмыр.
Кейде айырмай қалады тəмпіштерді –
қай ұлының, қай қыздың жаманы бұл.
Қара күйеу баланың түсінігін –
еркелейді өзіндей кіші ұлының.
Бар кеуденің салмағын арқалаған
Жер секілді бір өзі кішігірім!
* * *
Дұшпан күліп – ісім жоқ – дос қорынған,
жырда жолым болмаса – өз сорымнан.
Қол соғуды күтпеймін дақпырт десе
елеңдейтін ойы өткел бос тобырдан.
Құбылса да сынаптай атырап мың,
желпініске, жарқылға заты жатпын,
қасиетіңді ұға алмас кейбіреудің
бабын табу – ісі ғой ақымақтың.
Күн – орнында, көмгенмен бұлт тасаға,
жете бермес тереңге жұртта шама.
Дабырларға дуылдап қол соғады
ештеңені байыппен ұқпаса да.
Ұқпаса да:
жер мен көк жалғасқанда,
биігірек қайсысы – тау ма, аспан ба.
Ұқпаса да жеңістің иесі кім –
қорғанған ба, жағаға жармасқан ба?
Көрінгенге жағу ма құрмет деген,
қайырлай ма онысыз жүрдек кемем?
Жерді басып жүргеннің барлығына
түсінікті болуға міндетті емен.
Мені шолжаңдатпады өмір ерек,
түскенім жоқ даңқтың төріне кеп.
Қайыспас қос сызықтай, қашаннан да
дақпырт пенен өнердің жолы бөлек.
* * *
Өлең жазам өзімше данышпансып,
жандай менен басқаға намыс таңсық.
Жарамаймын сүйтсем де құлап жатқан
саз-балшықтан алуға танысты аршып.
Теңдесі жоқ ойшылмын, сөзім – дана,
«ұсақталма, – айтарым, – төзім жама!»
Басқаға ақыл беруде, сын тағуда
менен мырза адам жоқ – өзім ғана!
Жүрсем деймін жұрт жетпес бағаны алып,
қарсы келмес өмірде маған анық
біреулерді жинап ап айналама,
көсем болып отырам дараланып.
Ұнағым кеп тұрады көпке менің,
сезгіш, сырбаз ортаға беттемедім.
Ойы терең , дана ақыл жанар көрсем,
құтым қашып, ішімнен жек көремін.
Салмақтымын – қопарсын неше сең кеп,
маған жақын жүргендер есесі өрлеп.
Көмей көргіш ортада жақ ашпаймын
талғап айтар дана адам десе екен деп.
Өкпелімін халқыма жүрмей түйреп
мен секілді тұлғаны Күндей сирек
тас төбеңе шығарып, хан көтеріп
тайраңдатып қоюды білмейсің деп.
Көре тұра жандарды еңбегі шың,
кердеңдеймін еректей елден ісім.
Қалу үшін Адам боп, өз кеудемнің
менмендігін баса алсам – сол жеңісім!
* * *
Шаршадым-ау...
Қайтсем енді тыныштық табар жаным,
жүйке менен жүректі тарамдадым.
Лəззат ап əрнеден басқалардай
өмір кешу – бұл күнде бар арманым.
Күйретердей жанымда жанар жалын,
жүрегіммен жыладым, алаңдадым.
Кең дүние салмағын, салқындығын
жиып-теріп үйгендей маған бəрін.
Тұрақтар ма менде бір киік-тыным?
Не жетпейді – халқыма – сүйіктімін!
Махамбетті, Блокты жылытқан Күн
тұр мінеки маған да құйып нұрын.
Сездірмейтін суық не ыстық жайды
достарым бар ойлатпас жұт, сыз жайлы.
Олар желкен-сезімін жайып салып
мені дауылды айдынға жұтқызбайды.
Не жетпейді – баптаулы əн-пырағым?
Қанағатсыз, тойымсыз қалтырадым.
Дауыл күнгі теңізді шыр айналған
шағаладай тынымсыз шарқ ұрамын.
Өтсе менде дырдумен мұңсыз əр күн,
саялауға жанымды құлшынар кім?
Мен асылы тыныштық күйге түссем,
қайраңдағы балықтай тұншығармын.
* * *
Керегіп жүр жаныма басқа бір əн –
қайсарлыққа, өрлікке тастар ұран.
Маңыма ылғи біреулер жиналады
сезімін – сел, жүрегін жас қарыған.
Аспан ашық, болғанмен қала жарық,
жүрмесе де үйінде бала налып,
жазатайым біреуге жасын түссе,
қалады олар жырақта жараланып.
Алдарқатса мені арман үмітті ғып,
жүдейді олар қалғандай құрық сынып.
Сен ойыңа алмаған жайларыңды
жүргендері ішінен ұғып, біліп.
Ортақ етпей ешкімді мұң – жайыма,
жығылтуға тырыспай ыңғайыма
жүрсем де, азап, бейнетім менен гөрі
бататындай солардың шымбайына.
Өмір – нулы көл емес қаз жайлаған,
тірлігінен баз кеше жаздайды адам.
Қайғырғанды мен үшін көру қиын –
басқа азабы өмірдің аздай маған.
Жетер жолда шырқау көк – арманына
қырандардай қайырылмас жан қамына,
керегіп жүр маған да басқа бір əн
ұмтылыс пен от берер бар маңыма!
* * *
Қонған екен тағдырдың құсы маған,
енді қалай төбемнен ұшыра алам?
Бақытым ба, болмаса азабым ба,
біле алмадым, ал бірақ сұсы жаман.
Тағдырымның жыр атты сыйына мен
кезіктім де, жол тарттым қиырға кең.
Маңдайыма осылай жазылыпты
ғажап та қиын əлем:
отау – айдын, жасауым – жасыл кемем,
ойнайды айдын көгінде жасын-жебең.
Думандатқан жерлерде отырамын
көзде – мұң, басымда – өлең.
Көп адамға көктем де, қыс та арайлы,
ал мен үшін алтын да – мыс талайғы,
жай құбылыс секілді құшсам – Айды.
Бақытым да əйтеуір басқалардың
бағына ұқсамайды.
Елтімеймін дауылсыз таң ғұмырға,
түк еместей шыңың ба, шалғының ба...
Жүрек емес жүрегім – антеннадай
қабылдайтын əлемнің əн, мұңын да.
Ем іздеуім бекер-ақ, бұл болмысым
қанымда, тағдырымда!





Пікір жазу