04.05.2022
  158


Автор: Фариза Оңғарсынова

Салтанат сәтін аңсау

Кернегенде көгілдір даланы арман,
Алатаудан айбатты тарағанда əн,
тыңда, дүние,
тебіренген қазақ қызын
мəртебелі мінбеден –
Жаңа алаңнан!
Бүгін мұнда ақынның самғар үні,
алтын күннің құйылып тамған нұры.
Бүгін мұнда еңбеккер халқым менің
қарайды оймен ертеңге – таңдарға ұлы.
Бүгін мұнда – сəн түзеп ер еңбегі,
ертеңдердің төріне ел өрледі.
Мына ұрпақтың ішінен шығады ертең
Махамбеті, Абайы, Кенендері!
Оймен шолсам тарихтың асуларын,
құлағыма келгендей ашынған үн...
Қазақ қызы күңіреніп күрсінгенде,
түнек заман жүректің жасырды əнін.
Əр жүрекке жаны ыстық жақын адам –
елі ардақтап шалқиды
Батыр анам.
Сандуғаштай сайрайды бақыт əнін
Бибігүлдер əлемдік сахнадан.
Елі бақыт, ырысқа кенелгенде
сөз асылын маржандай өрер кеуде.
Қорғап дала-бесігін қаншама ұрпақ
өтті өмірден, бас ием сол ерлерге!
Мен жырлаймын –
орын жоқ басқа мұңға,
бақыт үні –
ел үні дастанымда.
Шуақ ұшса əйелдің жанарынан,
бақыт қанат қаққаны аспанымда!
* * *
Тірлігіңде мəн бар ма –
болмаса бір күш талпынар алғы таңдарға,
күйбеңдетпейтін мал-жанға,
асқақтау тұрған ардан да.
Айырылсаң сол бір алапат күш пен сенімнен,
аһ ұрмай бекер өзіңдік кайғы-шеріңмен,
нала айта бермей кінə артып тағдыр,
жалғанға,
(сүттей ақпын деп карғанба)
күйініп босқа жер теппей,
сөзге ерген жалтақ еркектей
бейшара болып қалудан онда арланба!
Жүреміз кейде (пенделік!)
кетердей бейне тірілей қара жерге еніп.
Əлемнің барлық қайғысы бізге түскендей,
қасірет уын ішкендей
өз-өзімізден сенделіп.
Тұншықтырғандай мұхиттың тасқын бар селі,
қайғы етіп сəл бір нəрсені,
сенімділерге сенбедік.
Өмірдің өзі солай ғой,
нұр шаша бермес жарқырап ылғи күн алдан,
сəттер де болар
жол таба алмайтын тұманнан,
айрылар бейуақ қолтығыңнан сүйер сыңардан,
көңіліңде сонда жүрсе тек ұмтылдыратын,
жаныңды бұлқындыратын
аласармайтын бір арман,
сол ғана сені шығарар түбі құмардан.
өзгенің бəрі – өткінші,
бұл жай сыналған.
Тағдырыңды солай əрқашан
сенім-күшпенен жалғасаң!
Дауылдарға қарсы өршеленбесең, жанбасаң,
құрысын ондай тірлігің деген. Сол оймен
жалтақтамаймын, паң басам.
Асуларым бар алда сан,
бұл екпінімнен танбасам,
мынау тірлікте отты жандардың өшпейтін
үміттерімен жалғасам.
... өмірге келіп, кеткеніңде
сенің не мəн бар –
жүрегінде елдің қалмасаң!
* * *
Сен қалай есіңе алмай жүрсің мені,
ойламай: «Жүр-ау, – деп, – тек құр сүлдері».
Жаныңды жүдетпей ме сүйіктіңнің
күндіз-түн сені ойлаумен күрсінгені.
Жоқ əлде уақыт таппай жүрсің бе оған,
болмаса жасырдың ба шын сырды одан?
Шындықтан сескенесің несіне сен:
адамдар білсін бəрін, білсін қоғам.
Білем: жүр өшкендей боп арай-нұрың,
жылатып жүрегіңді қамайды мұң.
Қалыпқа жұрт сиятын сыймаушы ең ғой,
бұл күнде шыдап жүрсің қалай, күнім?
* * *
Өзіңді ойлап қайғыдан езіліп ем.
Аласұрған күйімді сез үнімнен.
Аң-таң болып əлі күн шошимын мен
сенің көктем күніндей сезіміңнен.
Есім кеткен, өртенгем сағыныштан...
Бірақ ешкім озған ба жазымыштан.
Иə... мен де бұл күнде түңілгенмін
көңіліңнен əркімге алып-ұшқан.
Мен өзімдей көргенмін. Бекер мұным.
Саған менен бұрындау жетер жырым.
Мен білмеппін сүйгенің, сағынғаның
мүлəйімсу, көлгірсу екендігін.
Қайтем. Қатал тағдырға жүгіндім мен,
аңғалдарды жылатқан, түңілдірген.
Əлі сені қимаймын кінəлауға,
өмір шығар сені де сүріндірген...
* * *
Бұлай сүймейді, жарықтығым,
сезім емес есті алар – анық мұның.
Сенен көзді жұмғызып тамсандырар
еш лəззат қалған жоқ. Қалыпты мұң.
Жүрек құрғыр құрметті ескере ме,
не атақтан, даңқтан сескене ме:
қайтем, сенен жанымда түк қалмады –
қуаныш та, қайғы да – ештеңе де!
Табынған боп, сүйген боп көндігер ем –
көнер емес жүрегім, сорлы денем.
Сыйлағаннан махаббат тумайды екен,
сирек келер сезім ғой ол бір ерен.
Мүмкін бұдан жаныңда мұң қалары –
ер жігіттің намыс қой бір жарағы.
Құлай сүйгізе алмаудан, сүйе алмаудан
сезімдер былғанады.
Солай.
Мейілің жек көріп жерлесең де.
Бірақ айыпты емеспіз: мен де, сен де.
* * *
Білемін:
өзге жанның шашы, басын
сыйпайсың, мойынына асыласың.
Ал менің өрлеу бейнем көңіліңде
тұрғанын (еркіңнен тыс!) жасырасың.
Сен мені еске алуды қаламайсың
(жүрегің маған ұшып барады-ай шын),
əйтеуір жүрегіңнің түкпірінде
ешқашан мені ешкімге баламайсың.
Қайтесің, көнесің де тағдырыңа,
теңегің келеді оны таң нұрына.
Зорлайсың өзіңді-өзің оған теліп...
жүрегің көнер ме екен ал мұныңа.





Пікір жазу