04.05.2022
  174


Автор: Фариза Оңғарсынова

Кек

немесе келіншектің ызасы
Сұлу əйел бардан тəлтіректеп шықты да, жанындағы
балаң жігіттің жағынан тартып калды. Сосын жалғыз кетті.
Хор (Иран) қаласы да, мен де оны үнсіз көзқараспен шығарып салдық...
Сен оның құшағында жаттың, жаным.
Мен болсам жалғыздықтың таттым зарын.
Шынымен кеткені ме көкірегіңнен
сонау бір ұмытылмас ақ түнгі əнің?
Сонда біз бақытты ек қой.
Шын емес пе?
өзің де балқып ең ғой бұла кеште...
Сондағы мені есімнен жаңылдырған қалпыңды
алып жаттым жылап еске.
Сосын мен пəк сезімнен жырақтадым.
Айтпайтын болды маған бұлақ та əнін.
Сонан соң қайта атпады тұман тұтып
өмірде күліп атқан бір-ақ таңым.
Əуелі есеңгіреп баттым мұңға,
бұл жайға талайды əлде тап қылдың ба?
Өмірге мысқыл жүзбен кеттім еніп,
паршалап жүрегімді лақтырдым да.
Қалмады ерке қылық, ыстық жаным,
булығып ыза, кекке құштым бəрін.
Баяғы менше қайғы шеккендерді
ешқашан аямадым. Мысқылдадым.
Тигенде от құшақта ерінге ерін,
о, қандай жиіркенішті жерінгенің!..
Мен сол бір құшақтардан сені іздедім
жəне де сенде кеткен кегім менің,
алсам деп жұрттан соны шегінбедім.
Жоқ бүгін менде ешқандай мұңның демі,
мақсатым, бар қиялым бұл күндегі –
мөлдірлік, пəктігімнің кегін алу;
тамырын қырқу тұрса қыр гүлдері.
Мейірім, сезім күтпе менен, адам,
өйткені өзің зұлым қылдың мені...





Пікір жазу