04.05.2022
  135


Автор: Фариза Оңғарсынова

Арға табыну

Сенем саған өмірде.
Саған ғана.
Бастайтын жаңа арнаға,
ұмтылдырар алынбас қамалға да,
армандатып заңғар көк қияларын,
үміт пенен сенім боп ұяладың
жанымда, санамда да.
Адам мықты
мызғымас сенімімен,
айнымас серігімен,
халқының бірлігімен,
мейіріммен теңдесер Күн нұрымен.
Сол сенімді
жаныма сіңірдің сен.
Шаттансам, күліп жүрсем,
зұлымдықты өмірден түңілдірсем;
бұл ғаламат ғасырдың адамзатқа
арқалатар жүгінің ауырлығын,
шырқалар дəуір жырын
сезінсем, ұқсам бəрін;
түсінсем мен
адалдықтың жанында дұшпан барын –
сенің арқаң
(сол сеніммен əлдилер мені де əр таң).
Сенің арқаң
серпісем сағым мұңын,
мен өзіңмен күштімін,
жалындымын.
Мен білемін:
Əділет пен Адалдық – туың сенің,
сол туға жүгінсе кім –
айнымас досым менің,
оған айтар сырым мен жырым – сенім.
Жер үстінде көп əлі
адалдыққа оқ атқан жалашылдар,
одан өзге күші жоқ шарасыздар
(сол зымиян улы оққа құрбан болды
жазықсыз сан асылдар).
Жұмақ емес бұл өмір.
Адамзатты
күтеді əлі көрмеген жаңа сындар.
Ол сындардың отынан
жүресің сен талайды аршып алып
(талай жалын мені де шарпуы анық),
əлі талай тігесің өр басыңды,
оқтарға қарсы барып.
Сен шыңдалғансың
күрестерде, қиындау сынақтарда
жалын кештің, ұмтылдың бірақ та алға,
сенім сонда сені де ұмтылдырған
алдағы жұмақ таңға.
Арым – Күнім!
Айбынды тұлғаң бүгін,
қарайтындай сескене шыңдар бұғып,
шақырады алдағы жылдар күліп.
Сенің сəулең, жып-жылы мейіріммен
бара жатыр Жер бетін
нұрландырып.
* * *
Жанталасып мені шын ұмытсам деп
жүрсің сен,
басқа жанмен жүректі жылытсам деп
жүрсің сен.
Жек көрсем деп қалайда талай іске ұрындың,
ұмыттырса екен деп өзгелерге тығылдың.
Көрмеймін деп мен оны өзіңді өзің сендірдің,
кінəлайсың, сонда да көкірегіңде мен жүрмін.
Біреулерді жаныңмен сүйген болып жүрсең де,
мені жоқтап жүрегің қайғы шегіп тұр сенде.
Шығара алмай бейнемді көңіліңнен, аһ ұрдың,
көрмей алыс жүрсең де, тек мен саған жақынмын.
Кімменен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің
жүрегіңнен бəрібір мен ешқашан кетпеймін.





Пікір жазу