04.05.2022
  141


Автор: Фариза Оңғарсынова

Келіншектер

Ағалар біздің бекерге
жүрмеген екен өздеріңді көңіл күні ғып,
олар, əйтпесе, көз салмайтын-ды көрінгендерге бұрылып.
Енді ойлап тұрмын бұлаң шақтарда неге жүргенін
олардың
тентек көңілмен тылсым түндерге ұрынып.
Асқақтық пенен нəзіктік – бəрін бұлғын кеудеге
сыйғызған
сендер екен ғой жұрт тамсанатын ұлылық!
Қыңырлау біздің қара кемпірді көңілшек қылып
жіберді-ау
осынау тұнжыр жанарлардағы жылылық.
Армандай сырды ақтаруға келсең, айтқызбай,
алады бұлар көз қарасыңнан ұғынып.
Бұл не деген бал қылық –
бір көре қалса, бей-жай жанның да жанарына жарқын
өң берген,
арылтып бір сəт бейшаралық пен мең-зеңнен,
əйелдер деген құдіретті күштің бар екенін сонда бір
сезіп,
сабыр ете алмай, сенделген.
Кімсіңдер сендер? Қызғалдақ па еңдер, адамдар
бірінен бірі қызғанып терер белдерден?!
Əлде түн сайын ақындардың көзін ілгізбей,
бұрқанып жатқан бұла жыр деген сендер ме ең?!
Жігіт біткенде өртеніп күйіп кетті дем,
сал сезімдерге атой салғанда отты ірең.
Асқақ жандарды шырқау шыңдарға самғатқан
сендер ме деймін қол жетпес сонау көкті мен!
Сендерді көрсем,
даланың дарқан жігіттері құшқан арулар
осындай ылғи деп білем!
* * *
Мен
революцияны жасамадым,
Мезгіл деген межеден аса алар кім?!
Бірақ, бірақ жасқанып жалтақтамай
болашақтардың есігін аша аламын.
Соғысты да көргем жоқ, өкінбедім.
(Мүмкін, онда мен жайлы оқыр да едің...)
Бірақ сол бір жылдардың жарақаты
көкірегімді сыздатып отыр менің.
Мен жез едім.
Өмір өзі шыңдады алмас қылып,
отыра алмаймын қаперсіз малдас құрып.
Мен осынау беймаза планетада
революцияны келемін жалғастырып.
Қиял қуып жүргем жоқ даңққа еріп
(тарих куə – біз ондай халық па едік!)
Мен жүремін ақжүрек сəбилерге
жұлдыздарды уыстап алып беріп.
Сен көктемгі көк айдын сағым ба едің,
селт еткіздің-ау, даладай сабырлы едім.
Қасіретіңді де қасқайып қарсы аламын,
қайталанбайтын мазасыз шағым менің!
Көне көкірек, ей, менің жыршы далам!
Күдіктенсең, өзімді бір сынап ал!
Менің жастық шағымнан ескерткіш деп
бозаң белестеріңе гүл шығарам!
Қатерді ойлап көңілі тыншымаған,
гүлге оранып сонда бір жүрсін адам.
Айшықты іздер – өмірім. Мен қалайша
болашақтардың алдында күрсіне алам!
Көңіл-күйін көз ілмей сан бұрадым,
талай күлдім, сан рет қалжырадым.
Мен өзімнің мазасыз жастығымды
ұрпақтарға мұра қып қалдырамын.





Пікір жазу