04.05.2022
  136


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жайлауға келгенде

Көйлегім тарлау, шашым да қысқа, ағайын,
сезіп-ақ тұрмын, «ерсі» деп тұрсың талайың.
Тырнағым аздап қызылдау оның үстіне,
о, құдайдың азабы деген күшті де!
Біз өкше, сүйір – аяқта мынау кебісім,
сендерше бұ да тұрған жоқ онша келісіп.
Осының бəрін көңілге түйіп, тізіп кеп,
тұрсыңдар іштей: «Мынауың тұрған бұзық» – деп.
Жоқ, менің жаным –қазақтың жаны кіршіксіз,
бал қымыз қайда – əкелші, қалдық күнсіп біз.
Келдім ғой мұнда (қарама, жеңге, аңырып)
тезекке піскен таба нан иісін сағынып.
Мен жұртқа айтып «бесбармақты» да, мақтанам,
жеңеше, маған құйымшағыңды əкел сақтаған!
Домбыра бар ма? Берейін əсем əн салып,
қазақтың əнін тыңдайсыңдар ғой тамсанып.
«Қалада өстім, бəрі ерсі мұнда!» демеймін:
қол тимей жатса,сиыр да сауып берейін.
Құдықтан суды əкелем иін ағашпен,
көлбіреп қалса иығым, айтпан қараш деп.
Ақкөңіл жандар əзілге əсте қанса-шы,
адаймын десем, қалады мəз боп баршасы.
Ал енді қалай – алғашқы ойлар қашты ма?
Қалдыңдар сезбей тар көйлек, қысқа шашты да!
Жеңгейлерменен тату боп кеттім сыр ашып,
көрерсің: бұлар қалады ертең жыласып!
* * *
Жаныма түсірмей күн
сен жүрсің, ұят мұның.
Мен сені түсінбейтін
мылқау жан сияқтымын.
Кездессем жеке мүлдем
кетер деп сыр жалғасып,
«байқамай» өтемін мен,
жаныңнан жылдам басып.
Көз шіркін санаса ма –
жалт етіп бір тігесің.
Білемін: оңашада
мен жайлы күрсінесің.
Шыдаймыз қанша күнге,
жалғыздан отты құшып.
Қайтеміз қалса бірде
жанарлар соқтығысып?
... Бар күнə өмірде еді
(біздерде жоқ қателік):
ұғысқан көңілдерді
қоятын жатқа теліп.





Пікір жазу