04.05.2022
  171


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қараңғы түндердің шапағаты

Түндер келеді
құбылмас қараңғылықпен
дүниенің барлық жиіркеніштерін таса ғып,
күндізгі сағымдай көз жауын алмай көлгір көркімен
жасанып;
ақ сезімдердің ақ айдынында тербелер дел-сал
сəт қой бұл
қатыгездіктен қажыған көңілдер жасарып!
Қараңғы түндер,
бұл дүниенің лəззаты жалғыз сендерде ғана қалған ба!
(өзгенің бəрі өзгеріп кеткен шеңгелін мезгіл салғанда).
Түндердің тұнжыр тыныштығы ма екен көңілдерді көкке
көсілтіп
талпындыратын таңдарға!
Таңдайыңа татып тірліктің шырын шақтары жанды
шалқытқан
түн құшағына алғанда.
Жалғыз-ақ мынау бөлмеде
тыныштықта бей-жай көңіл көрпесі көсілмей,
(қасиетті түндер кешіргей!)
ақтүтек ойлардың ақпаны сақ-сақ күледі,
жалғыздығынан құтырып кеткен жесірдей.
Рахатын түннің тұл етіп сонда мен отырамын шабыттың
сарала сауытын шешінбей.
О, шуақ күндер!
Қыз саусақ шұғыла төккенге балғын бақтарға
менменшілдікпен мақтанба!
Тірліктің қимас күндерін тылсым түндерде ғана
сезбесек,
қадірсіз шығар ақ таң да.
Мынау жалғанда жалғыз-ақ өзім құдіреттідей боп
отырам
қараңғы түндер шапағат шашқан шақтарда.
* * *
Ат мінсем, құйындатып,
қалмаймын жігіттерден.
Айтыссам жиында, тек
жеңістен үміттенем.
Жіңішке жол қадамым
қызбын деп жасымадым.
Əзілмен бозбаланың
аузын ашырмадым.
Жеңе алмас сорлы бала
тағылау қыр үркегін!
Күй тартсам, домбырада
Динаны тірілтемін.
Іздеймін батыр, мықты
көз салып үміткерге:
мендегі батылдықты
бермепті жігіттерге!
* * *
Бұлақтар құздардан асып,
сарқырап сайларға аққанда,
көңілім қырларға ғашық
самғайды жайлау жақтарға.
Жүрегім бұлқынады да,
тоқтамай думан бақтарға,
талпынар қыр-тұрағына,
құлпырған қызғалдақтарға.
Қиялым – желмен жарысқан
ай маңдай арғымақтарда.
Көп аңсап келгенде алыстан
бəйгелер қалжыратқан ба!
Сəби қып бұл күндер мені
тұрғандай тосып гүлдерді,
ұмыт қып үлкейгендегі
қырқысқан қырсық күндерді.
Мен сонда бала боп кеттім,
қалғанын сезбедім күз кеп...
Қырларды аралап кеттім,
қызғалдақ кездерімді іздеп.
* * *
Арғымақтары қайда екен бұ даланың,
бəйге алаңын көргенде шыдамадым.
Аңсап келген ауылда сəйгүлікке
тақым салмай мен қалай тұра аламын?
Ағатай!
Маған арнап бір жүйрік баптадың ба?
Ендеше мен ойнайын ат жалында.
Бір көтеріп тастаңдар сүйтіп мені
шаршаңқырап келген бұл шақтарымда.
Құйысқанды тарттырып күмістеген,
оюлаңдар тоқымды пүлішпенен.
Арғымақ ат астымда ойнақтаса,
жалығарым жоқ, сірə, жүріске мен.
Бір жасайын мен бүгін
кетпей қойған бəйге ғой көкейімнен,
жете алмаған жігітті төпейін мен.
Жорғаңды қой, қайда əлгі Бəйге торы –
неде болса бір зулап өтейін мен!





Пікір жазу