04.05.2022
  184


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Қоштасу. Соңғы сәттер

Ұлы өнердің өрлеуіне жолды ашып,
Тойын тойлап, әнін салды бар ғашық.
Алпыс жылдық тойы болды сазгердің,
Шымкент, Жамбыл, Алматыда жалғасып.
Алуан-алуан ой қозғайды ойларды,
Халқыменен думан тойы тойланды.
Даңқын айтып, Шәмшіге атақ әперу,
Бір халықтың күресіне айналды.
Ән шырқады, жастық жырын толғады,
Әр көңілге ән күмбезі орнады.
Бар жиында халық қолдап шындықты,
Президентке арнайы хат жолдады.
Бәрі атақты тұстастары, қатары,
Елемеген тек жаныңа батады.
Болса дағы шығармасы үш жүздей,
Жоқ болатын сазгер деген атағы.
Таусылмайтын тебіреністі жыр-әнді-ай!
Бір әні бар айтылатын ұрандай.
Сезбей қалып ауырғанын бауыры,
Төсегінен қалды бүгін тұра алмай.
Қолданған ем шипа болса жарады,
Сағат сайын ауру дендеп барады.
Шәуілдірден Алматыға алып кеп,
Білгір деген дәрігерлер қарады.
Жан қиналып, болды енді басқа ұмыт,
Нұры тайған жанарына жас тұнып.
Жүрек талып, бауырының ісігі,
Күннен-күнге бара жатыр асқынып.
Қас қағымдай өмір деген осы да,
Жиі-жиі тұншығып көз жасына.
Күні-түні Шәмшіні отыр күзетіп,
Бар ағайын жиналып кеп қасына.
− Бере салған Алла менің бағыма,-
Деді Шәмші көзінен жас ағыла.
Екеуінің білегінен ұстап ап,
Балаларын отырғызды жанына.
Өнеріммен жаным менің нұр еді.
Әнім менің мәңгі өмір сүреді,
Білесіңдер, ауырады тек ғана,
Жүрегі бар адамдардың жүрегі.
– Мына өмірде кездерім көп жаңылған,
Жабыққанда табылдыңдар жанымнан.
Өмірдегі барым-бағым, жан жарым,
Кешір мені, кешір мені, Жәмилам!
Дүниеге қайта келмес өлгендер,
Мәңгі тұғыр, қасиетті ел мен жер.
Соңғы рет сұранамын сендерден,
Жәмиламды ренжіте көрмеңдер.
Өткен күндер бүгін елес-жаңғырық,
Жүрген жерді қызық-думан ән қылып.
Мен елімнің араладым бар жерін,
Дос қуантып, дұшпанымды таң қылып..
Қарақтарым, білсең болдым мақтаның,
Біреуге ұнап, біреулерге жақпадым.
Серілікпен сейіл құрып жүріппін,
Жұмыс істеп, еңбек ақы таппадым.
Емдеп алшы, мені енді ал, мықтың,
Жиналғандай кеудеме кеп барлық мұң.
Ән-көңілім, ән-өмірім мәңгіге,
Айықпайтын мен бір дертке шалдықтым.
Кеттің дәурен, осылайша өттің де,
Айта берсе арман шіркін көп мүлде.
Өмір кешкен мына азғантай ғұмырда,
Мақсатыма жетпедім бе, жеттім бе?
Шынымды айтсам, оным бүгін айып па?
Тек өздерің өмір жолын байыпта.
«Бақыт құшағында» дейді біреулер,
Өмір кештім мен ескексіз «Қайықта».
Осыны айтып, екі көзі жәудіреп,
− Осылай ма ең,-деп сыбырлап,-беу, жүрек!
Талып барып қайта есін жинады,
Тамшы жасы жанарында мөлдіреп.
− Сен дегенде жарылып ем ағымнан,
Қай кезде де табылғансың жанымнан.
Күйік ғұмыр кештің өнер жолында,
Сен де кешір, кезім болса жаңылған.
Кәртін біліп, дүниедегі жоқ-бардың,
Сараладың, оны сыр қып ақтардың.
Айта берсін, өсек сөздер күңкілдеп,
Уақытында ұлы істер атқардың.
Қыран сынды аңсап тұрар даласын,
Кеңістіктен тынысты кең аласың.
Ұлы сазгер, «Каролі боп вальстің»,
Тарихта мәңгілік боп қаласың.
Тағдыр айдап өзіңменен жолықтым,
Бірге ыстықтап, бірге аязға тоңыппын.
Жолын күтіп, жаққан отын өшірмей,
Ұлы адамның адал жары болыппын.
Мерейленіп сенің атақ, даңқыңмен,
Бірге тойлап, күн кешермін халқыңмен.
Кешір Шәке, бақытты боп мен қалам,
Сол баяғы әйел-ана қалпыммен.
−Тайма жаным,-деп,-аналық жолыңнан,
Мына өмірде жолың болсын оңыңнан...
Ыстық жасы бетін жуып бір сәтке,
Сүйді Шәмші Жәмиланың қолынан.
Жорамал сөз:-Кезіккен,-деп,-тіл-көзге,
Сонда біреу:-Сенбе,- деді,- бұл сөзге ...
«Сағындым ғой, сен қайдасын, Сағыныш!..»
Сандырақтап сөйлеп кетті бір кезде.
Ойламайтын секілді енді басқаны,
Қанша уақыт болды екен тосқалы,
Келер ме екен, келмес пе екен Сағыныш,
Сағындырған ғашық қызы Оштағы.
Сағыныштан ұлы сезім жоқ ізгі.
Күтуменен қанша күнін өткізді.
−Келе жатыр, Жансая - деп Оразбек,
Қуанышты бір хабарды жеткізді.
Дүниеде жоқ сенімді достықтан,
Қасиетін кәрі де ұққан, жас та ұққан.
Сондай досы жылы хабар айтып тұр,
Шәмші басын жұлып алды жастықтан.
Сүйгені үшін жалынға да түс отқа,
Хабар берген, болған еді үш апта.
Келген бетте қойып кетті Жансая,
Сағынышты оттай ыстық құшаққа.
Ұлы сазгер бетегеден аласа,
Жылап отыр кәдімгі жас балаша.
Шәмшіменен тек Сағыныш − Жансая,
Қалды екеуі бөлмесінде оңаша.
Әй, Оразбек, Мұхтар, бері келіңдер,
Шынымды айтам, бұл сөзіме сеніңдер.
Сағынышым қайта оралды өзіме,
– Мен жазылдым,-деді Шәмші,- көріңдер!
Арайланған аппақ таңдар болса аман,
Жүрегімде асыл арман аңсаған.
Ей, жасампаз, жарқын, жарық дүние,
Білесің бе, ғашықпын ғой мен саған.
Өмір жолын кейде басып жаңылыс,
Арман мені алыстарға алып ұш!
Жүрегімді елжіретіп, жылатып,
Мені өмірден алып кетер сағыныш.
Абзал достар, жасыңдағы, кәрің де,
Айтылатын менің асқақ әнім де.
Дарқан далам, асқар тауым, ел мен жер,
Сағынышым сарғайтатын бәрің де.
Қош бол енді, күңіренбе жаным ән,
Сағыныштан күнде есімнен жаңылам.
Ей, адамдар, білсеңдер-ау,білсеңдер,
Мен сендерді қалай-қалай сағынам!
Көктемменен күркіреген өзенім,
Бір бақыттың мәңгілігін сеземін.
Өмір ― өзен толастамай ағады,
Менің де енді келген сынды кезегім.
Шынымды айтсам, оным бүгін айып па?
Тек өздерің өмір жолын байыпта.
«Бақыт құшағында» дейді біреулер,
Өмір кештім мен ескексіз «Қайықта».
Осы болды көргенім мен ұққаным,
Мына өмірде жазылмасын жұптарың.
Менен қалған сендерге әнім аманат,
Әбілқасым, айналайын Мұхтарым.
Сырлы әуенмен көктем болсын көңілің,
Өмірге артып, құштарлығың, сенімің.
Мен сияқты қиындықты көрмеңдер,
Сұлу сазды әнмен өтсін өмірің.
Ақ қауыздар, жарылатын ағынан,
Жауһар дүние, сені аңсаймын,сағынам.
Мына өмірде мен өлсем де, сен өлме,
Жаса, жаса мәңгілікке, жаным ән!..
Қас қағымдай өмір-ажал арасы,
Болған сынды бір дауылдың толасы...
Жиналып тұр бар ағайын, Шәмшінің
– Қош,- дегенге келді зорға шамасы.





Пікір жазу