Аманат мандолин
Баяу жылжып, күн де өтіп барады,
Қалың жауған мызғыр емес қар әлі.
Түсі ме әлде, өңі ме екен белгісіз,
Кейде Шәмші есін білмей қалады.
Әңгіме айтып, оны-мұны сөз еткен,
Қозғалады ақырындап өзі еппен.
Ағайыны, дос-жараны, туысы,
Кетпей ұзап күні-түні күзеткен.
Жағдайы ауыр, барлығы да сезеді,
Сезеді де амалсыздан төзеді.
Сұрағаны Амангелді досына,
Күзетудің келген екен кезегі.
Көп күттім ғой, дәрігерім келдің бе,
Менің мына жағдайымды көрдің бе.
Аяқталды өмірдегі «служба»,
Амангелді, біз де кеттік «дембілге».
Бұл дүниеге тұтқа болып қалды кім?
Айту керек ойдағының барлығын...
− Қайран Шәкем,-деп ойлады сырлас дос,
Ұмытпапты-ау, әзілі мен қалжыңын.
Қарап алып оңы менен солына,
Өрнек салған ән-өнердің жолына.
Бас жағында тұрған қоңыр мандолын,
Соңғы рет бір Шәмші алды қолына.
− Жан сырымды болса менің ұғар жан,
Бұл заманда өнер құны тым арзан.
Қанша әнім болса менің бәрін де,
Мына қоңыр мандолыммен шығарғам.
«Күлімдеген қара көздер» ең тұнық,
Тарта алмады алғашқы әнді келтіріп.
Саусақтардың әлі келмей басуға,
Дем тарылып, Шәмші қалды ентігіп.
Соңғы кезде мені бір жай таң қылған,
Ән бе екен көңілімде жаңғырған.
Жан серігім еді өмірде мандолым,
Тартам ба деп үйден кеше алдырғам.
Біз барар жол жақын ба, әлде алыс па?
Ешкім түспес барар жолда жарысқа.
Мандолымды қайда жүрсем қамқоршым,
Қарындасым Раушанға табыста.
Соңғы кезде көзімді де ілмедім,
Соңы мұның не боларын білмедім.
Амангелді, қош бол досым, ал мандол
Саған соңғы аманатым бұл менің.
Секем алды жиналғандар сөзінен,
Ох, не деген таусылмайтын төзім ең!
Мандолинін кеудесіне басқанда,
Ыстық жасы ыршып кетті көзінен.