Әзіл-шыны аралас
Көне Отырар, қақ тағы да дабылды,
Көптен бері жұртың әнді сағынды.
Туған жерде бір кездесу басталмақ,
Шәуілдірге аяқ жеткен ағылды.
Ұлылыққа табылмайды балама,
Елпілдеген ұқсайды жас балаға.
Кездесуде жазушы іні Досжанов,
Алдымен кеп сәлем берді ағаға.
– Сапар шегіп, елді көрдік талай біз,
Келер күнге сенімменен қараймыз.
Отырарға ән арнаған боларсыз,
Саушылық па, Шәке, жалпы қалайсыз?
– Дүкенжан-ау, ауру жүрек, бауырым,
Бел сыздайды, алдырмайды жауырын.
Қышыма ғой, қасып рахат табатын,
Бұл аурудың ішіндегі тәуірің.
Саушылығым, бір Алладан күткенім,
Ән жазуды балаларға жүктедім.
Қымыран ішіп, сигар тартып жатырмыз,
Келмейді екен қолымнан шын түк менің.
Жасап жүрмін дәрігердің түрлі емін,
Қайда жүрсем мен сендермен біргемін.
Есесіне машина айдап жүйткіген,
Зәулім етіп там салғым кеп жүр менің...
Ән сап аға, қай жерлерге бармаған,
Барған жерге әннен сыйын арнаған.
– Ой, Шәкем-ай,-деді күліп Дүкенбай,
Қартайса да қалжың сөзі қалмаған.
– Әй, Дүкенбай, сен де ұлысың даланың,
Қолға алмай, қалтада жүр қаламым.
Жас келді ме, осы күні бір түрлі,
Салқын тартып, мен өзгеріп барамын.
Өмір сүрдім, сүре берем халқым деп,
Аспандатқан атағым да даңқым жоқ.
Жаңа әндер күтеді ғой қауымым,
Баяғыдай емес, әнге зауқым жоқ.
Қорасында бос қалатын көгендей,
Жүруші еді бұрын бар-жоқ еленбей.
«Көңілімнен қош деп ұшты қоңыр қаз,
Сол шіркінің, өлең екен»,- дегендей.
Таусылмаса тірлік мына жалғанда,
Пенде біткен өмірінде арманда.
Айтқан мұны ауру ақын Кемпірбай,
Әнші Әсет көңіл сұрай барғанда.
Өн бойыңа жабысқан бір кеселдей,
Ән ауылы көңілімнен көшердей.
Шабыт қайда, найзағайдай жарқылдап,
Ағыл-тегіл құятұғын нөсердей.
Жан серігім ән еді ғой жасымнан,
Әнімменен қызыл гүлдей ашылғам.
Біраз болды ән жазуды доғардым,
Шабыт шақтар бұл-бұл ұшты басымнан.
Нағыз жалын ұшқын атып жанады,
Қызу бермес үрлегенмен шаланы.
− Шүкір, Шәке,-деді інісі Дүкенбай,-
Енді атыңыз тек ән болып қалады.
Тойға келген жұрт аяғы басылды,
Әжелердің шашулары шашылды.
Әл-Фараби сарайында осы кез,
Кездесудің шымылдығы ашылды.
Елдің ыстық ықыласына бөлен де,
Азаматтық абыройды кемелде.
Шақырылып Шәмші төрге өрледі,
Ал, жазушы қала берді төменде.
Әнін айтып, арнады ақын өлеңді,
Сабасына түскендей-ақ ел енді.
Әндер, әндер... ақ тілектер, десте гүл,
Бір бақыттың құшағына бөленді.
Қашанда да сүйе білсең еліңді,
Осылайша күн кешесің сенімді.
Шәуілдірдің шынашақтай Шәмшісі,
Төрде отырған таудай болып көрінді