Сағыныш – Жансая хикаясы
Жас қайтқан соң ауру-сырқау жамалып,
Білгір деген дәрігерге қаралып.
Шәмші жатыр түбіндегі Тараздың,
Санаторий «Химпромда» демалып.
Кеш таянып жусап қалған айнала,
Сағымдалып көк шалғынға бай дала.
Толықсиды толқындары Таластың,
Бұйраланып самаламен жай ғана.
Саябырсып жинағандай жел есін,
Желкілдеткен жасыл желек белесін.
Ысып барып салқын тартты қайтадан,
«Тектұрмастың» бұлт бүркелеп төбесін.
Бірте-бірте тұмшаланды тау әне,
Ескен самал салқындатты ауаны.
– Тек тұрмайды, - дейді, - біздің «Тектұрмас»,-
Жамбыл тауға ертең жаңбыр жауады.
Маужырайды Алатаудың аспаны,
Сейіліне шықты қала жастары.
Салқын түсер шақты асыға күткендей,
Жастар жағы кешкі биді бастады.
Әсем әндер тәтті ойға батырды,
Болмаса екен деп ойлады ақыры.
Шәмші өзінше отырғанда оңаша,
Топ ішінен бір қыз биге шақырды.
Деп ойлады биші ме, әлде әнші ме?
– Жансая, -деп таныстырды бәлсіне.
Биге шығу оғаштау боп көрінді,
Орта жастан асып кеткен Шәмшіге.
Сылаң қағып, кер маралдай керілген,
Бөксе соғып, қос бұрымы төгілген.
Жәудіреген құралай көз, қолаң шаш,
Көрген емес мұндай сұлу өмірден.
Құлазыған көңілді етіп көктеме,
Тартынба да көктемені шектеме.
Жан жүрегін елжіретіп, езілтіп,
Кіріп кетті құшағына от дене.
– Сізді ... сізді сырттай жақсы білемін,
Түсінбеймін, елжірейді жүрегім.
Әнге еліктеп,өмірімде бір рет,
Кездесуді арман етіп жүр едім.
– Кездестім-ау, ризамын,-деп сызылып,
Бал-бұл жанып, жүзіне ұшқын түзіліп.
Күйіп-жанып алаулаған қыз үні,
Әлсін-әлсін естіледі үзіліп.
Өртенеді отты дене, дем ыстық,
Бұлдыр дүние, көрінбейді кемістік.
Дөңгеленіп ұшып жүрген секілді,
Аспан әлем. Жұлдыз жанған кеңістік.
«Сен жанымда жүрсең,
Сен жадырап күлсең,
Бақыттымын мәңгі, асыл арманым.
Жаутаңдаған кезде,
Сәуле ойнаған көзде,
Шаттығымды елден жасыра алмадым...»
Жас сұлудың демін жұтып балқыған,
Көңілінде кетті бейне шалқып ән.
Оңашада ұзақ жылдар күн кешіп,
Құлазыған жалғыздықтан-жалқыдан.
Әлде жаным, шалқып шыққан жыр ма едің,
Әлде,әлде ... жайнап тұрған гүл ме едің?
Жоқ, көктем боп қонатұғын көңілге,
Көптен күткен сағынышым бұл менің.
Неткен мынау әдемі бір түн еді,
Лүпілдейді ғашықтардың жүрегі.
Ай төгіліп, жұлдыз сыңсып, жел желпіп,
Бүкіл әлем Жансая боп күледі.
Ай сәулесі ақ айдынға шын батып,
Таң келеді өз әуенін тыңдатып.
Қол ұстасып келе жатыр екеуі,
Алда күтіп тұрған сынды бір бақыт.
Ұмытылмас жарқын жаздың сол таңы.
Қоштасқан-ды ағарғанда Шолпаны,
Таң атқанша құшаққа алып қыдырды,
Күтіп тұрды алда қандай жол тағы.
Уақыт өшпес ізін салды араға,
Тағы айналып көктем келер далаға.
Пәк сезімді аппақ көңіл шағала,
Бір жас сұлу мұңаяды жағада.
Нелер ұмыт, нелер қалды есінде,
Қыдыратын самал ескен кешінде.
Аттап кетпей адамдық ар-намысты,
Көп ойланып, тоқтады бір шешімге.
Жүрегімде алаулайды гүл сезім,
Арай жағып, дидарыңнан күлсе күн.
Махаббаттың қызығына тоймайтын,
– Уыз шағың,- деді Шәмші,- бұл сенің.
– Дүниеден өтті мұңсыз қай серің,
Білгіш болсаң, мына дерттің айт емін.
Мен қартаям, сен әлі де жап-жассың,
Өкінішпен жылап жүрсең қайтемін?
Сағымданып, аппақ нұрға малынып,
Сен елес боп, мен іздермін сабылып.
«Шын ғашықтар қосылмайды» деуші еді,
Қош, Жансаям, сені өтем сағынып.
Ғашықтықтан жүрек оттай жанады,
Қызық өмір ғайып болып барады.
Сенің атың Жансая емес мен үшін,
Сағыныш боп жүрегімде қалады....
Осыны айтты, ал Жансая нанбады,
Жылап қалды, жараланып ән жаны...
«Қош, қош» десті бір-біріне ғашықтар,
Ұшқыр ұшақ Ошқа қарай самғады.