04.05.2022
  212


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Ұмытылған әндер

Бұлар шықты марқайып бір қияға,
Қоныпты қыз - қияға, ұл - ұяға.
Жолықпай кеткен еді көптен бері,
Сазгер досы Жақанов Ілияға.
Ілияға таппайсың еш теңдесті,
Бірге екеуі талай-талай жол кешті.
Сексен тоғызыншы жылы кездейсоқ,
Талдықорған қаласында кездесті.
Әңгіме етіп жастық дәурен-алысты,
Студенттік кезді айтып тауысты.
Сағынысып әбден мауқын басқан соң,
Ән жайында тақырыпқа ауысты.
Қарайламас өткен күнде жоқ белгі,
Талай қызық сәтті бастан өткерді.
Қоңыр үнмен баяғыша Ілия,
Домбырамен алып ұшып өткелді.
Махаббатты мамырлата жырладың,
Таныс әуен, қара шымыр ырғағын.
– Ұрлықшы ғой,- деді Шәмші күдікпен,
Айтшы Ілия, әнді кімнен ұрладың?
Қойшы Шәке, мен ұрлықтан тазамын,
Не жазсам да өз күшіммен жазамын.
«Шоқан сөзі», «Арман», «Қыз сағынышы» ғой,
Студенттік кезде шыққан өз әнің.
Бойдақ кез ғой, қала кезіп түнімен,
Жазған едім есер шақта мұны мен.
Қанша жылдар кетті айтылмай бұл әндер,
Ұмытайын деген екем шынымен.
– Жә, Шәке, тыңда онда мына әнді,
Тауысатын болдың ғой,-деп,-шыдамды.
Ән айтылды, таба алмастан дей салды,
Жақсы ән екен, көңіліңе қонымды.
«Ақ ниеті әлде достыңАрдақтайды ел сені.
Жақсыгүл деп әнге қостым,
Жақсы көріп мен сені.
Сенсің менің базарым,
Сенсің менің ажарым,
Таң нұрындай,
Таң нұрындай,
Тағдырымдай,
Сәулетай».
– Е, Ілия, «Жақсыгүлім» бұл менің,
Шіркін жастық, сеніменен гүлдедім.
Көше кезіп, оңашада еске алып,
Осы күні жиі аңсап жүргенім.
Сонда оралды сағынышты ән ойыма,
Қайырмасын екі мәрте қайыра.
Жақсыгүлге сен үйленіп, осы әнді,
Сыйлағанбыз арнап үлкен тойыңа.
Жас Сабырхан жазған еді өлеңін,
Орынды сын, не десең де көнемін.
Ұмытшақтық келді міне, бізге де,
Істетеді екен уақыт дегенін.
Білмей жүріп осылайша әліңді,
Кемпір менен шал боламыз кәдімгі.
Қазір шүкір, тұстастарым айтады,
Олар кетсе кім орындар әнімді?
Айтылмаса ұмытыла береді,
Ән мен жырдың жастар алда сенері.
Іздеушісі, жоқтаушысы болмаса,
Өзіңменен ән де бірге өледі.
Күдер үзіп, Шәке олай демеңіз,
Өлтірмейді өнерді ұрпақ, сенеміз.
– Біздің елді,-деді Ілия күлімдеп,-
Болашағы нұрлы елге теңеңіз.
Көңіл құсы алыстарға самғайды,
Екеуі де біліп отыр мән-жайды.
Ойға батып кетті бір сәт қос сазгер,
Өмір жайлы, тағдыр жайлы, ән жайлы.





Пікір жазу