04.05.2022
  194


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

1986 жыл. Алматы. Желтоқсан оқиғасындағы «Менің Қазақстаным» ән

Маужырайды Алатаудың қар басы,
Күркірейді асау өзен арнасы.
Бар тынысын ішке тартып сәл ғана,
Мүлгіп алып, қайта оянды Алматы.
Ала бұлтты қарт Алатау «тұтқындап»,
Ызғырықтан ықтасынға бұқты бақ!
Тарылғандай бұлыңғыр таң тынысы,
Қара суық қақап тұр қар ұшқындап.
Қаңқу сөзге сенбеу керек десе де,
Бір әңгіме болған еді кеше де.
– Болыпты,-деп,-Пленумы ЦК-ның,
Сыпсыңдаған сөз тарады көшеде.
Кімдер қалай сөйлесе де ерікті,
Қыза түсер үрлей берсең көрікті.
Қонаевты алып тастап орнына,
Хатшы болып Колбин деген келіпті.
Жуас қазақ, момын, ұяң мінезі,
Сондықтан да мойыныңа мінеді.
Қонаевтың не жазығы бар еді,
Айтыңдаршы, Колбин деген кім өзі?!
Қара анау өркениет ғаламға,
Барлық кінә мешеу біздің қоғамда.
Әділдігін үкіметтен сұрайық,
Уа, халайық, жиналыңдар Алаңға!
Оқиғаның бар секілді сан қыры,
Қуат беріп, жастар айтқан ән-жыры.
Дуылдайды Сәтбаевтың көшесі,
Дүбірлейді ұлы Абайдың даңғылы.
Ыстық деммен өзгергендей жел өңі,
Жұмекеннің жүрек тербер өлеңі.
«Менің Қазақстанымды» айтып Алаң тұр.
Сөйлеп жатыр зиялылар демеді.
Кінәсізге қалай айып тағайық,
Қане, айтыңдар, не бүлдірді Қонаев?
Бірте-бірте ашуланып, буырқанып,
Халық үні бара жатыр қарайып.
Халық қаһар, жарып шығар тасты да,
Күлетұғын болды-ау көрші қос мына.
Сыртымыздан билеп-төстеп, кемсітіп,
Төбемізге шығып алды-ау Москва.
Жақсы істі жорымашы жаманға,
Қан төгілмес өркениет заманда...
– Қайдам, шырақ,-дейді үлкендер уайымдап,
БТР-лар төніп тұр ғой Алаңға.
Не мәселе Пленумда шешілген?..
Бұл қазақтың жолы дей бер кесілген!
Ұлт тағдырын ойыншықтай көрмеген,
Көзі тұнып, Горбач тазың есірген.
– Тоқта балам, мен айтайын басынан,
Үш жүз жылдай бодан болдық осыдан...
Ноқталы бір бұзаудаймыз осы күн...
Тағы айтыңыз аға, мен де қосылам.
Горбачевың болды әбден құтырып,
Аш қасқырдай жан-жағын жеп, жұтынып.
Жетті уақыт тәуелсіз ел болатын,
Өз ноқтасын беру керек сыпырып.
– Қарсы шықпа, болғандарды күндеме,
Әкетеді ұстап, балам, үндеме!
Тоқтау айтты қорқып қалған қария,
Осы кезде ана шықты мінбеге.
– Сұрап елдің амандығын, саулығын,
Жар астында жасырынған жау бүгін,-
Деп бастады ана сонда өз сөзін,
Қара жерге жайып тастап жаулығын.
Қазақ деген бабаданбыз бәріміз,
Бірге біздің қанымыз да жанымыз.
Салбырайды төмен қарай басымыз,
Аяқ асты намысымыз, арымыз!
Туған елдің сүйем жері киелі,
Киеліге бас иеді, сүйеді.
Намысы жоқ сиқымыздан сал-сүйек,
Бабалардың сырқырайды сүйегі.
Жуастың да шығар талай жуаны,
Ертелі-кеш азат күнің туады.
Елім деген, жерім деген азамат,
Ұлы іске белін қашан буады?
Орындалсын бар тілегі, арманы,
Сендерге ана ақ батасын арнады.
Ұрпағыңды ұлы жолға бағыттап,
Уа, жарылқа, Абылайдың әруағы!
Әумин! Әумин! Әумин!
«...Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің ― Қазақстаным!»
Шарықтап тұр еркіндікке құштар үн,
Кім біліпті, мұндай жойқын күш барын.
Алматының жаңғыртып кең аспанын,
Шырқалады «Менің Қазақстаным!».
Анаң қара, ит жетектеп барады,
Талайды ғой... Талады әне, талады!
Осы кезде жалбыратып жаулығын,
Сақшылар кеп сүйреп кетті ананы.
Біреу аң-таң, біреу қалды толғанып,
Бір сұмдықты сезген біреу қамданып.
Ішке демін тартып алып бір сәтке,
Жойқын күшпен лап қойды Алаң долданып.
Үшкір күрек, темір таяқ, бұранда,
Ысқырады, өлім жайлы бір ән ба?
Имандылық, аяушылық жоқ мұнда,
Ыждақатпен айтылатын Құранда.
Желтоқсанның сол бір күні ызғарлы,
Жүректерде мәңгі айықпас сыз қалды.
Қол ұстасып лап қояды жігіттер,
Жалаң қолмен құтқаруға қыздарды.
Қызыл қанға боялды Алаң гүл еккен,
Ажал төніп, бұранда мен күректен.
«Менің Қазақстаным» деп айқасты,
Азаттығын сүйгендер шын жүрекпен.
Ұжмақ дүние кетті лезде бүлініп,
Жас қырандар көрсетті асқан ірілік.
Желтоқсанның ызғарында Алаң тұр,
Аққан қаннан қызыл белбеу буынып...
Қанды күрес, жалаңаш қол бұлқынған,
Кім жаралы, бұл қырғында кім құрбан?
Бодандықтың бұғауында ашынып,
Азаттықтың ақ таңына ұмтылған.
Атып келе жатыр еді бір ақ таң,
Қаншама жыл халық аңсап, ұнатқан.
«Метель-86» жойқын жоспары,
Алматыда өтті алғаш сынақтан.
Тастап жатты алып барып далаға аш,
Аяз бен қар соқты бұршақ аралас.
«Менің Қазақстанымды» шырқайды,
Мұз үстінде отырғандар жалаңаш.
Осылайша қанды Алаң жеңілді,
Қанша жастың ыстық қаны төгілді.
Тәуелсіздік бастауы боп желтоқсан,
Ел тарады атар таңға сенімді.
Әлем біліп, дүбірлетті батысты,
Қарайтұғын оқиға емес атүсті.
«Менің Қазақстанымы» Шәмшінің,
Желтоқсанға Әнұран боп қатысты.
Қарайтындай ұшпа бұлтын тау іліп,
Желтоқсанда бұл бір өткен дауыл, ұқ!
Кетіп қалып туған жерге, ауылға,
Шәмші-жүрек жатты сыздап ауырып.





Пікір жазу