04.05.2022
  145


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Жанғалидың жан сыры

Жақсыны да жаманды да дос ұқты,
Достық жайлы шырқап әнге қосыпты.
Шолаққорған таныс ауыл, келді іздеп,
Ескі досы, сазгер Меймандосовты.
Жоқшылық тым сол бір уақыт өзге еді,
Қалай-қалай тез өткенін сезбеді.
Өз ауылындай Сарыағаш пен Қабланбек,
Ташкенттегі студенттік кездері.
– Уақыт бізді,-деді Шәмші,-танытты,
Көңілде әндер бүршік атып, жарыпты.
«Жұлдызым» мен «Алыстасаң армансың»,
Осы екі әнің көкейімде қалыпты.
Вальс әнді Жанғалидан аңғарған,
Бір келгенде Нұрғиса да таң қалған.
Төрт күйі мен жетпіс әні бар екен,
Алпыс әні балаларға арналған.
Сай қуалап «Бас бұлағы» жүгірді,
Тыныш бір шақ, еститіндей сыбырды.
Түнгі салқын, таза ауамен екеуі,
Шолаққорған көшелерін қыдырды.
Желпи есіп, түнгі самал тынбастан,
Таулар үнсіз бір-бірімен мұңдасқан.
Көтере алмай тұрғандай-ақ жұлдызын,
Келіншектау үстіндегі түнгі аспан.
Айта берер өз білгенін ел мейлі,
Кеудедегі асыл ойлар сөнбейді.
– Сізге айтамын,-деді ойланып Жанғали,
Бір ой маған көптен маза бермейді.
– Жүрген шығар кемістікті байқап ел,
Орағытып өткендерге қайта кел!
Сыр жасырма, ойларыңды түйіндеп,
– Ал, Жанғали,-деді Шәмші,-айта бер.
Өнерліні кімге бүгін балаймыз,
Елеместен опық жедік талай біз.
Келе жатқан қалмай ғасыр көшінен,
Күйге неге немқұрайлы қараймыз?
Қалыптасқан күйші Сүгір мектебі,
Шертіп тартар Қаратаудың бөктері.
Өкіметтен қолдау керек оларға,
Ескерусіз, сондықтан да өкпелі.
Дүлдүлдер жүр, кім бар бүгін елеген,
Ешкім де жоқ жетелеген, демеген.
Файзолла мен Ергентай, Атабектер,
Генерал мен Назбек, күйші, Төлеген.
Кім айтады өнер жолы жеңіл деп,
Қайып, Салбек, Кәрімді ел қадірлеп,
Қазбек, күйші Жүзбаевтар, Төлеген,
Қыдырәлі, Бекберген мен Әділбек.
Туған ел деп соғатұғын жүрегі,
Қалың жұрты еңбектерін біледі.
Жазушы Асқар,Тәкен, Өтеш, Сәуірбек,
Төлегендер осы елдің түлегі.
Өнер ― өріс, рухани да белді күш.
Айтшы Шәке, не болады ендігі іс?
Өкіметтің жұмысы жоқ өнермен,
Есі-дерті шаруашылық, өндіріс.
Түнгі мұнар тауға соғып қайта ағып,
Самал есті, жасыл желек жайқалып.
Өмір солай, несін күйіп-пісесің,
Келші Жәңке, одан да ән айталық.
«Қалқатай, жаутаңдадың, жаутаңдадың,
Өзіңе бір ауыз сөз айта алмадым.
Білемін тек әйтеуір жүрегімде,
Махаббат теңізінің шайқалғанын...»
Мақтады де Шәмші деген ақылшым,
Талантың дос, бұдан да кең ашылсын.
Әндеріңе өзің өлең жазасың,
Сен, Жанғали, ортан қолды ақынсың.
«Жұлдызымсың көктегі,
Созсам қолым жетпеді.
Күлімдеген нұр бейнең,
Көз алдымнан кетпеді...»
Аққан жұлдыз бір-бірінен оза алмай,
Аспан төрі құжынаған базардай.
«Жұлдызымды» Шәмші айтып тұр сызылтып,
Жымыңдаған жұлдыздардан көз алмай





Пікір жазу