04.05.2022
  104


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Алматыдан аттанарда

Қуанышын жасыра алмас күйге еніп,
Шат-шадыман, күрең өңі түрленіп.
Той жасады дүркіретіп өзінше,
Үлкен ұлы Әбілқасым үйленіп.
Көңілінде үміт оты маздады,
Шапан киді тойда, айтыста озғаны.
Той соңынан ағайынын жинап ап,
Ойда жүрген әңгімесін қозғады.
Жас жанұя енді ғана жарасты,
– Мұнысы нес, Шәмші есінен адасты,- .
Деп отырған ағайын мен дос-жаран,
Аң-таң болып бір-біріне қарасты.
Есейгелі жүріп келем жолда мен,
Қайда жүрсем әруақтарым қолдап ең.
Жақсы менен өткен бір күн жыл болса,-
Депті Лұқпан «мың жасаппын» онда мен.
Түп-тегінде жалғыз екен атадан,
Білімі үлкен ғұламадан бата алған.
Иса Пайғамбардың жазған өмірін,
Хрестияндар Лук, Лукьян деп атаған.
Хакім Лұқпан емші екен білікті,
Дәрі жасап, шөптің түрін біліпті.
Басына бір баспана да тұрғызбай,
Емін жасап, ел аралап жүріпті.
Дәрігерге қарап тұрған ел күні,
Үйі жоқтың күйі жоғы белгілі.
Уа, ғұлама, неге үй салып алмайсың?-
Дейді екен аяғандар емшіні.
Сонда Лұқпан: -Бұл дүниеге қонақпын,
Зер салғанға өмір деген шолақ тым.
Несіне үй сап әуре болам,-дейді екен,-
Болса болды төрінде үйім жұмақтың.
Азаматпын елім менен жерім дер,
Сергелдеңге серік болсын сенімдер.
Хакім Лұқпан жолын Аллам бергендей,
Маған енді ризашылық беріңдер.
Жалғыз кетсем, мен сендерді қимаймын,
Алыс жүрсем, сағындырып қинаймын.
Шүкір, бүгін келін менен бала бар,
Мен ағайын, мына үйге сыймаймын.
Мейлі, біздер осылай-ақ болайық,
Көңілімде барады уайым молайып.
Әй, Шәмші, үйленіпті балаң,-деп,
Енді маған үй бермейді Қонаев.
Ештеңе де жоқ бұл жерде жасырын,
Жетті аузыңа қолыңдағы қасығың.
Балам, келін ― бір Аллаға аманат,
Жәмилашым, ренжіме, асылым.
Түсіне біл, жағдай солай, шырағым,
Пенделерге тағылатын күнә мың.
Тастап кетті деген сөзге сенбеңдер,
Іздесеңдер мен ауылда тұрамын.
Ренжімей-ақ рұқсат бер, қарағым,
Сағындырды сары сағымды самалым.
Таусылмайтын даң-дұң қала мезі етті,
Сонау жатқан кең далама барамын.
Бәрі де бар мынау жатқан даламда,
Сонда қалар менің ертең молам да.
Біржан, Ақан ел аралап күн кешкен,
Артықпын ба, мен де сондай болам да...
Мынау дертім бара жатыр қайда алып,
Осым дұрыс, шештім солай ойланып...
Осыны айтып көз жасына тұншығып,
Шәмші кенет кетті теріс айналып.
Жыладың ба, Шәке, өзің қандайсың,
Мықтысың ғой, шаршамайсың, талмайсың.
Тұлпарларды ұстамайды тұсаулап,
Сен даласыз өмір сүре алмайсың.
Туған жерің, өскен елің ең ыстық,
Еркіндікте еңбегіңнен жеміс күт!
Самғау үшін биіктерге шарықтап,
Қырандарға қанша қажет кеңістік?
Пенделікпен әңгіме етсе жамағат,
Айта берсін, тек естіртпе жаман ат!
Деп Жәмила көрегендік танытты,
Шәкем, біздің Алла өзіңе аманат!
– Ал, Шәмші,-дейді,-туған далаңның,
Шарықтата шалқытып бір сал әнін.
Жәмиланың қоңыр үні осы бір,
Білді мәңгі жүрегінде қаларын.





Пікір жазу