04.05.2022
  369


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

«Ақ ерке – Ақжайық»

Ерке самал тербетеді қыр гүлін,
Арқалаумен шаршағандай жыр жүгін.
Бұлт бүркеніп, ашық аспан тұнжырап,
Шымкентте жаңбыр жауып тұр бүгін.
− Осы Шәмші кейде ессіз, кейде есті,
Дейді біреу,- қайтсін енді ой кешті.
Өзбекәлі Жәнібеков ЦК-дан,
Сол Шәмшімен телефонмен сөйлесті.
Адыраспан түтетті әйел ырымшы,
Мұхтар қайда, әй, Төлеген, сүйінші!
Іздеп мені телефонмен сөйлесті,
Комсомолың хатшысы кеп бірінші.
Біреу болса мақұл-ақ қой жай мына,
Дүрілдеткен орталықтың айбыны, ә!
Үш күн бойы іздепті,- деп ЦК-дан,
Қуанышы сияр емес қойнына.
Қанша күндер кетті екен ғайыпқа,
Орнын тапты «Ақмаңдайлым», «Қайықта».
Шақырады жаңа ашылған Маңғыстау,
Жүр Төлеген, Еділ менен Жайыққа.
Халық ― сыншы, халық біздің көреген,
Айтады ертең, сорақылық не деген?
Шәмші әніне бір өлең де жазбапты,
Арқалы ақын Айбергенов Төлеген.
Жүректерде бола қоймас аз қайғы,
Қаңқу сөздер қайдағыны қозғайды.
Мүмкін Шәмші жасамайды ұсыныс,
Мүмкін өзі әнге өлең жазбайды.
Бұл тозаққа жолап нең бар басында,
Мұны айтып жүр дұшпаның да, досың да.
Мұхтар менен Төлегендей Шәмшінің,
Екі ақын жүр дейді ғой қасында.
Араласпай, менен Шәке, болды айып,
Ал, «тәуекел түбі,- дейтін,- жел қайық.
Сен қайдасың, мұнайлы өңір Маңғыстау,
Сен қайдасың, Каспий менен Ақ Жайық!
Олар солай тартып кетті сол күні-ақ,
Ұзақ еді, қиын еді жол бірақ.
Көңілдерде түйткіл болып тұрды бір,
Ешкімге де айтпағаны жалғыз-ақ.
Шынымен-ақ жағдай болды айтатын,
Тосын істі кімдер қалай байқасын.
Ежелден-ақ ақындардың әдеті,
Жаяу барып, тұлпар мініп қайтатын.
Қызметкер жігіттері жарады,
Пойыз жолда бір әңгіме тарады.
«Не айтасың пәленінші пойызда,
Төлеген мен Шәмші кетіп барады».
Кете алмады Ақтөбеден ары асып,
Вагондардың есігіне таласып.
Шәмші менен Төлегенді көруге,
Ағылды жұрт лек-лек болып, бәрі асық.
Асау жүрек сонша неге сыздадың,
Сезгендей-ақ алда салқын күз барын.
Әр қалада күтті халқы бұларды,
Алдарына алып шығып тұз-дәмін.
Екеу еді Шымкенттен шығарда,
Жеке жүру сырын өзге ұғар ма?
Тұрсынқұлов Қалаубек пен Антонов,
Тобыменен қосылды кеп бұларға.
Осы арада жүрді екен қанша жол,
Ыстық құшақ кездесулер сонша мол.
Гурьев пенен Шевченко да бұларды,
Күтіп алды арнайы обком комсомол.
Өтті күндер кезектесіп дөңгелеп,
Барлық тілек ― «Бізге жақсы ән керек.»
Келмейді әнге Гурьев пенен Шевченко,
Табылса да қала жайлы сан дерек.
Бала емеспіз ойланайық, батыр-ау,
Бірте-бірте орыстанып жатыр-ау.
Қазақша әнге тек қазақы сөз керек,
Қала болса Ақтау менен Атырау.
Айта алмаймыз небір өткен арысты,
Олар десе үнсіз жағың қарысты.
Әнге қосып, шырқайық па енді біз,
Байлық қуған Гурьев деген орысты.
Қашан түсер бұл бұғаудың ноқтасы?
Әй, Төлеген, қапаланба, тоқташы!
Әнмен, жырмен бұған жауап береміз,
Ұрпақ келер, бұл қайғының жоқ басы.
Қазағымда талай жер бар мақтауға,
Ақын жазған өлеңдерін жаттауда.
Қонақ болып Шәкең сері шалқып жүр,
Өз үйіндей қонақ үйі «Ақтауда».
Өнерліні кім бар жатқан бағалап,
Оның жолы қайшылықты, алағат.
Ренжігендей түйткілі көп істерге,
Кетті екеуі теңіз бойын жағалап.
Шығып кеткен құлан түзге, айдала,
Қоршап тұрған құм жалдары айнала.
Шағаласы төскейінде шаңқылдап,
Кәрі теңіз толқып жатыр жай ғана.
Теңіз желі жұлқылайды жағаны,
Бұйра толқын ақ маржанын тағады.
Жайық, Жайық, тербетілген ақ Жайық,
Сырын бүгіп, сыбдыр қағып ағады.
Ай-хай, Каспий, суыңменен сабала...
Шарқ ұрады көк айдында шағала.
Билеп келіп, ерке желмен есіліп,
Ақ толқынын лақтырады жағаға.
Мұнаралар алдан шығып дем беріп,
Жүре берсе құмды кезіп сенделіп.
«Қызыл гүлді барады қыр ап қашып»
Кетті Шәмші кенет толқып тербеліп.
«Арманым саған ауған,
Самал соқса жағалаудан.
Жүректе тербетілген,
Ақ Жайығым,
Ақ еркем,
Аңсаған ән өлкем...».
Көк толқынға қара шашты жайып кең,
Кім болды екен сонда сенің айыптың?..
Толқын санап мұңаяды бір сұлу,
Жағалай тал жағасында Жайықтың.
«Жаным-ау дара тұрған,
Ағыстардан жаратылған.
Жайықтың жағалай тал,
Жағасынан,
Қымбаттым,
Сен маған тіл қаттың.
Өзіңсін жаным,
Жаңғыртқан әнім,
Каспийдің толқын тауларын.
Сенбісің көгілдір
Махаббатым,
Алқызыл алаулы таңдарым.»
Ай-хай шіркін, өлкем неткен кең едің,
Мені теңіз, шапағыңа бөледің.
Махаббатым, әнім саған берерім,
Қия алмаймын, саған әлі келемін...
Болды апта, вокзал басы көп халық,
Ортаға алып жібермейді топтанып.
Маңғыстауға ән сыйлаған екі алып,
Алматыға бара жатыр аттанып.
Қашанда да елі менен ер егіз,
Келесіздер,-дейді жұрты,-сенеміз.
Қош, Маңғыстау, Еділ, Жайық, қарт Каспий,
– Қош,-деседі,- біз келеміз, келеміз!..





Пікір жазу