Қонаевпен кездесу
Шындық сөзді айта алмайтын жасқанып,
Келе жатты «кемелді шақ» басталып.
Қонаевтың тұрған кезі болатын,
Қазақстан Республикасын басқарып.
Есік баққан кімге, қалай ұнайды,
Кезек тимей, жуықтады бір айды.
Композитор Тілендиев Нұрғиса,
Қонаевтың қабылдауын сұрайды.
Болмаса да үлкен істің басында,
Осылайша тартқан жолдас, досын да.
Ақсақалға баяндамақ мән-жайды,
Нұрғисаның Шәмшісі бар қасында.
Келіп алу керек нақты шешімге,
Үй сұрайды, айтылады сосын не?..
Мың тоғыз жүз жетпіс үшінші жылы,
Ақсақалдың естелігі есінде.
Жақындатқан Москвамен араны,
Елі үшін еңбектері бағалы.
ССРО-дан делегация басқарып,
Индияға іссапармен барады.
Көшелерін безендіріп, сәндеген,
Түнгі Дели шырақтары сөнбеген.
Ел басшысы Ганди сонда қарсы алған,
Қызыл гүлдер шоғы және әнменен.
Көз тартады сұлу көркі қаланың,
Жұпар желі желпи соғып даланың.
«Бақыт құшағында» үзбей шырқалып,
Бөледі әнге сәнді Дели алаңын.
Қарсы алуға ұқсамайды өткен кей,
Қуаныштан көңілдері көктемдей.
Алаңдағы жиналған бар үнділер,
Түгелімен қазақ болып кеткендей.
Көрген барлық қорлық пенен азапты,
Мойындайсың ұлы халық қазақты.
Бұрын-соңды сезінбеген ақсақал,
Дәл осындай рухани ләззатты.
Ақ пейілдің Алла берген бағы бар,
Ал, дүние, мені бүгін танып ал!
Өркендейді менің дархан қазағым,
Дәл мынандай жүрек тербер әні бар.
Бар тірлігі қолдан түспес қауға боп,
Күн кешірген момындықпен, дауға жоқ.
Сол иықтан «тфіледі» үш рет,
Сонда ақсақал: «Тәубә, тәубә, тәубә» деп.
Отырғанда Ганди өзі басқарып,
Ыстық сезім білдіреді дос халық.
Тебіренген Қонаевтың көзінен
Еріксізден кеткен ыстық жас тамып.
Қаңқу сөздер көбеймесе кеми ме?
Шындықты айтып, күнә сөзден жеңілде.
Тыңдап тұрып Шәмші әнін Қонаев,
Жылапты, - деп сөз қылды жұрт, Делиде.
Жоқты жоқ деп, жасырмаған барды да,
Турашылдық қасиет бар арлыда.
– Үйім жоқ де, - деп пысықтап Нұрғиса,
Алып кірді Қонаевтың алдына.
Осы сәтті армандайтын әрдайым,
Не айтады, біле алмаған ол жайын.
Қол алысып, сәлемдесіп болған соң,
Деді ақсақал: - Шәмші, қалай жағдайың?
– Үйің бар ма, Шәмші? - деген сұраққа,
– Бар, - деп айтты, Нұрғиса отыр ұзақта.
– Екі бөлме, - деді Шәмші, - Тастақта,
Шымкенттен жақынырақ бірақ та.
– Иә, Шәмші, айтқаныңа сенеміз,
Тастақ алыс, жақыннан үй береміз...
Әй, сен осы ішіп қойып жүрсің бе?
– Иә, ақсақал, бұйырғанын көреміз...
Ақсақалдың көңілі осындай кең еді,
Кім біледі, мұны кімге теңеді?
Таза шынын айтқанына бұлтармай,
Риза болып, ештеңе де демеді.
− Иә, Шәмші, күндейміз-ау сені де,
Ете алмадық шері де, бір сері де.
Халқыңның да көтеретін рухын,
Сен керексің қай уақта да еліңе.
Шаттық шалқып, күлімдеген күн көгі,
Көркін көрсең, қаласының түндегі.
Сенің асқақ әніңменен қарсы алды,
Өткен жолы барған бізді Үнді елі.
Барлығына куә атқан таң, батқан күн,
Заманында бар жасадық жоқтан мың.
Шырқағанда қазақ әнін Индия,
Мен қазақ боп туғаныма мақтандым.
Алда талай асулардан өтерсің,
Әнің сенің мәртебеңді көтерсін.
Қазағымның құрметіне бөленген,
Шәмші, сен бір бақытты жан екенсің.
Ән −жырменен, еңбекпен ел өрлейді,
Мейлің ұлық, мейлің кішік бол, мейлі.
Орындалар өтінішің асықпа,
Қарайлауға қол да тие бермейді.
Өнер ― өмір, өшпес ізді салып кең,
Жамбыл жақын, кездесіңдер халықпен.
− Айтып қоям, - деді ақсақал қоштасып,
Ал, Шәмші дос, самға осы қалыппен.
Жаңалыққа құлақ түріп, елеңдер,
Қолыңды бер, құтты болсын, - дегендер.
Шәмші күліп ұсынады сол қолын,
Оң қолымды ұстаған, деп кемеңгер.
Ізгілікті бойыңдағы дұрыс ұқ,
Алау дене бір суынып, бір ысып...
− Неге айтпайсың Димаш аға, қойдым деп? -
Күйіп-пісіп Нұрғиса жүр ұрысып.
Айналады бұл да аңызға, елеске,
Біз де шықтық бүгін үлкен белеске.
Ақсақалды алдағаным көзінше,
Пайғамбарды алдағаным емес пе?
Дейді Шәмші: − Болайық бір ішкендей,
Кетпейді ешкім ресторанға түстенбей...
Ал, Нұрғиса, күлімдейді көңілі жай,
Иығынан бір ауыр жүк түскендей.