04.05.2022
  152


Автор: Ескермес Жақсымбетұлы

Алыстағы Тамдыда

Қызылқұмның шөлінде ерні кезерген,
Бір бақытты жаныңменен сезер ме ең.
Оңтүстікте қазақ, өзбек күн кешіп,
Тату-тәтті көрші болған ежелден.



Жаңа өкімет белгі салып картадан,
Бұрынғыны жойып, бастап қайтадан.
Өзбекстан өз алдына ел болып,
Шекараны бөліп берді ортадан.



Малы бары кәмпескеге ілініп,
Соттау, айдау, елдің іші бүлініп.
Сонау жылдар өзбек жерін паналап,
Кеткен қазақ өкіметтен тығылып.



Қуғынменен күңіреніп атар таң,
Кезең болған бас көтерер матаудан.
Отызыншы жылдардағы аштықта,
Ташкент шаһар «тоқ қала» деп атанған.



Кетті жері, еліменен бөтенге
Өкіметке халық үні жетер ме?
Қазақтардың туған жері жат болып,
Енді бүгін жүргендей ақ шет елде.



Жатса-тұрса елі, жері ойында,
Кейде қарты беріледі уайымға.
Ата жұртқа ауады ұрпақ аңсары,
Қазақы қан тулағандай бойында.



Зиялылар ортаға сап ақылды,
Бір шешімге тоқталыпты ақырғы.
Ән шығарып беріңіз,-деп Шәмшіге,
Бұқараның Тамдысына шақырды.



Зеңгір көкпен таласады таулары,
Сулы жері жағалай тал, бау бәрі.
Қазақтардың ата жұрты ежелден,
Бұхараның Тамды деген ауданы.



Жол жүруде жан салмайтын алдына,
Қонақ етіп шақырғаннан қалды ма?
Хабарды естіп күн құрғатпай арада,
Шәмші жетті құстай ұшып Тамдыға.



Қып-қызыл құм, соғатұғын дауыл бар,
Түске кірер кейде таңсық жауын, қар.
Жері шөлейт Қарақұмның саласы,
Бірақ халқы ашық жарқын, бауырмал.



Сары алтындай сап-сары құм шөлдеген,
Сары дала көңіл көгін тербеген.
«Шөл кемесі» – түйелері көлігі,
Бұрын-соңды мұндай жерді көрмеген.



Өмір кешкен тірлігінің бабымен,
Тамды аруы неткен сұлу, жалын ең...
Күн батады ұясына өртеніп,
Қызылқұмның оттай ыстық табымен.



Таба алмайсың Тамды жақтан жат кісі,
Білінбейді еш нәрсенің тапшысы.
Өз үйіңдей қай ауылға барсаң да,
Жолбасшысы аупарткомның хатшысы.



Есейгендей өмір сырын ерте ұғып,
Өн бойына жарасады еркелік.
Әдейі ме, кездейсоқ па, кім білсін?
Домбырашы, әнші Гүлсім жолсерік.



Талай жиын көрген бастан өткеріп,
Қара көздер мөлдіреген от көрік.
Аталардың батасына кенелді,
Әжелердің құшағында жоқ болып.



Үлкен-кіші қарамастан жасына,
Қызық көріп, ерді Шәмші қасына.
Күткен ауыл алып келді қолпаштап,
Тау ішіне, Мыңбұлақтың басына.



Бірден салқын тарта берді тау іші,
Келіп жетті жақыны да алысы.
Естіледі биік құздан жаңғырып,
Қырандардың шаңқылдаған дауысы.



– Сүрінбеген,- дейді,- талай сындардан,
Кімге бақыт, бұл жас сұлу кімге арман.
Дастарханды жайып тастап далаға,
– Салшы әніңе Гүлсім,- деді тыңдарман.



Мың бұралып, домбыраны қолға алды,
Қолға алды да азын аулақ толғанды.
О, керемет, шырқап кетті сонан соң,
Сүйікті әні Шәмшінің сол «Қорланды».



Үкілеген бұл домбыра киелі,
Кеудесіне бір асыл ой түйеді.
Қорлан қызды кездестірген секілді,
Бұхардағы Қызылқұмның жиегі.



Сол кезең мен арасында белес көп,
Шіркін, Естай, кімдерменен теңеспек.
Кетті бір сәт көз алдында көлбеңдеп,
Тамды қызы Қорлан болып елестеп.



Соғып тұрған секілденді бір жүрек,
Уылжыған уыз шақтар ділгір ет!
Таудың желі қыз бұрымын жұлқылап,
Сәукелеге таққан үкі үлбіреп.



«Ахау арман, Құсни-Қорлан,
Екеуі туған екен бір анадан!..»
Болмағандай бұл өңірде той көптен,
Мыңбұлақтың қыздарына ой кеткен.


Әсем әннің әуенімен ырғалып,
Қызыл гүлдей құлпырады бойжеткен.



Жаратылған пәк сезімнен, тұнықтан,
Ұшқын атқан жанарынан күліп таң.


Бұлақ басы, қасында бар жас Гүлсім,
Шәмші бір сәт айналаны ұмытқан.



Ай сәулесі су бетінде дірілдеп,
Құшағында қыз қарады күлімдеп.


Шәмші кенет кетті ыңылдап тербеліп,
Құлағына ызыңдаған бір үн кеп.



Талықсыған талма түнде бар маңы,
Шалықтаған сол әуенді жалғады.


Бір ән туды, тебірентіп, тербетіп,
Орындалып Шәмшінің бір арманы.



Жүректі ұрып асау сезім толқыны,
Құштар көңіл шалқыды да толқыды.


Гүлсім қызбен қол ұстасып қыдырған,
Ұмытылмас Мыңбұлақтың сол түні.



Шыға бере ысып берді жазғы күн,
Жұрт таңырқап, тыңдап қапты сазды үнін.


Телефонмен Алматыға Қадырға,
Айтып беріп жатыр өлең мазмұнын.



Жиналған жұрт шығарды өзі өкімді,
Азулы ақын өлеңдері өтімді.


– Бұл әнге тек Қадыр өлең жазсын,-деп,
Тамдылықтар,-дейді Шәмші,-өтінді.



– Бір ай бопты жүргеніңе Тамдыда,
Көңлің тыншып, ұйқың Шәке қанды ма?


Ұзап кетті осы жолы сапарың,
Бақыт құсы қолыңа кеп қонды ма?



Әзілің бе, әлде Шәке, мазағың,
Мен әйтеуір бар күнәдан тазамын.


Сен құшасың Тамдыда бір аруды,
Алматыда мен өлеңін жазамын...



Телефонда әзілменен ілісті,
Ілісті де өздерінше күлісті.


«Тамды аруын» жазып Қадыр жіберді,
Осылайша бітірді де бір істі.



Жүректерде жасырын бір сыр қалды,
Мұндай кезде кім сезімді ірке алды.


«Тұсау кесер» жиынында ауданның,
«Тамды аруы» тамылжыта шырқалды.



«Жанарың жас көктемнің жамалындай,
Жүрегің махаббаттың қамалындай.


Тамдының тамылжыған әнші аруы,
Лебізің таңның уыз самалындай.



Еркем-ай!
Ебелектей жел аңсаған,


Көбелектей гүл аңсаған,
Келем саған...»



Көкірегіне құйылғандай бір ағын,
−Гүлсім, саған арналды,-деп бұл әнім.


Жұлдыз санап оңашада сырласып,
Жағалады түнгі Тамның бұлағын.



Шаттық сезім арнасынан асыпты,
Ән көңілін шалқытты да тасытты.


Жаңа әнді әншілерге айтқызып,
Радиоға жаздыруға асықты.



Кейбір әзіл әңгімеге иланып,
Ақылдасты үлкендері жиналып.


Гүлсім қызға сырға салмақ меншіктеп,
Тамдысында қалдыруға ұйғарып.



Тұлпар болсаң, аңсап тұрған даласын,
Міне дала, қаласаң шын қаласың.


– Шығыс салты,-дейді үлкені сөз бастап,
Қыз береміз, некелесіп аласың.



Кіргізбеген ел шетіне бет алды,
Қашқария заңы мүлде қатал-ды.


Бұлжымайтын салтыменен шығыстың,
Қашқарлықтар үйлендірген Шоқанды.



Түсінгесін айтылған бар жайды анық,
–Жоқ,-деп Шәмші тұрып қалды ойланып.


Туған жерім, өскен елім — Отаным,
Мәңгілікке қалғам соған байланып...



Қоштасуға көрсең келген халықты,
Қонақ сыйлар көрегендік танытты.


–Қош,-деп Шәмші қол бұлғады қиыспай,
Тамдылықтар бауыр басып қалыпты.



Қарайламай уақыт алға зулайды,
Қимас шағы, жүрек аттай тулайды.


–Қайда жүрсең аман бол,-деп,-Шәмші аға,
Тамды аруы орамалын бұлғайды.





Пікір жазу