«Менің Қазақстаным» әні жайлы
Жер жаһанға жеткізген бар атағын,
Сталин де өтті өмірден от ағын.
Пленумда Хрущевты сайлады,
ССРО-да хатшысы етіп ЦК-ның.
Мәселелер көтеріліп өзекті,
Белден басып, өз дегенін сөз етті.
Сталинді қаралаған бұрынғы,
Партияның жиырмасыншы съезі өтті.
Ауыздықтап талай асқан-тасқанды,
Хрущевтан қаймығып ел жасқанды.
Партияның шешімімен бос жатқан,
Тың жерлерге жаңа аттаныс басталды.
Су ағады, түбінде ауыр тас қалар,
Уақыт еді қаймығар да жасқанар.
Қазақтың бар сулы-нулы жерлерін,
Басып қалды тілі, діні басқалар.
Жедел түрде орындатып бұл істі,
Рухани тарылтты бар тынысты.
Ұлттық болмыс, салт-дәстүрге қарамай,
Қазақ жерін бөлшектеуге кірісті.
Орталықтан сауға сұрау ― бос үміт,
Зиялылар тоқырады тосылып.
Алыс-жақын мүмкіндіктер қаралмай,
Өлке болды облыстар қосылып.
Басшы басқа, заман солай өзгерді,
Жерді аман алып қалар кез келді.
Қазақстан солтүстік пен батысты,
Ресейге беретіні сөз болды.
Жығылмайтын заман болды ағына,
Хрущевың кетті қыңыр жағына.
«Мырзашөлді береді екен өзбекке!»
Қауесет сөз гуілдеді тағы да.
Ақын досым, бұрынғы күн күн екен,
Жат қолында кетті менің мың есем!..
Әңгіме айтты Шәмші бірде күйініп,
Тыңдап отыр Нәжімеденов Жұмекен.
Елден, жерден айырылар кез тақалды,
Айтуға да болмас сірә, бет алды.
Қарсы тұрып, бас көтерер дәрмен жоқ,
Зиялылар бәрі жіпсіз маталды.
Бөлшектеп ап, елді солай билемек,
Айтатұғын дәрмені жоқ «тиме» деп.
Сосын қазақ құлақ кесті құл болар,
Көз алдына көк шыбыны үймелеп.
Жегідей жеп азаматты ой-қайғы,
Дегеніне жетпей бұлар қоймайды.
Қонаев пен Оңдасынов, Тәшенов,
Босап кетті, іш қазандай қайнайды.
Одақ солай көп мәселе көтерді,
Қатар жатқан шатастырды екі елді.
Басшы етіп Қазақстан жеріне,
Юсупов деген әлдекімді әкелді.
Келе жатыр күннен күнге кимелеп,
Табанына салып, жүн қып илемек.
Дағдарысқа ұшыраған күйзеліп,
Қазағыма ұлттық ән мен күй керек.
Айырмасын халқымды Алла бағынан,
Ел боламыз бүкіл әлем таныған.
Менің әнім – «Менің Қазақстаным»,
Келешекте болар бәлкім әнұран.
О, жастық шақ, баста саған ілесем,
Жүдеме енді, қыран құстай түле сен!
Ал, Жұмекен, үн қат ұран өлеңмен,
«Азаттық» деп мен әніммен күресем.
Түсінісіп, ойлары да үйлесті,
Солай істер елі үшін игі істі.
Серт берісіп, анттасқандай екеуі,
Бір-біріне үнсіз басын изесті.
Уақыт деген сырғып тұрған сынаптай,
Асығады құштар сезім шыдатпай.
Талқылауға күніне бір кездесіп,
Бірінікін бірі жүрді ұнатпай.
Желеп-жебеп әруақ бәлкім, дем берді,
Бозторғайдай оятатын таңғы елді.
Асқақтаған ырғағымен марштың,
Жүрек тербеп, дүниеге ән келді.
«Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің ― Қазақстаным!..»
Өзгеше бір сазды әуенді таныған,
Көлденеңдеп шықпады ешкім жанынан.
Радиодан Жамал апай орындап,
Бар қазаққа болды шырқар әнұран.
Салмақты да өлең керек астарлы,
Қоспапсыңдар тың игерген жастарды,-
Деп кешікпей сын айтушы көбейіп,
Ән сөзіне шабуылдар басталды.
Кедергісіз алға осылай басты ісі,
Радиоға өтті әні – бастысы.
«Мәдениет және тұрмыс» журналы,
Басатын боп, былай деді басшысы:
Коммунизм нұрлы жолын салып шын,
Көтеріліп жатыр бүгін «алып тың».
Компартия ― бізді алға бастаушы,
Компартия ― ар-ожданы халықтың.
Патриоттық ән-ақ екен ырғағы,
Әнді естіп асқақ сезім тулады.
Бір ауыз сөз айтылмайды бұл әнде,
«Коммунизм», «Компартия» туралы.
Жаңғырығып әнмен шыңның асқары,
Айтатұғын Советтік бар жас-кәрі.
Ән сөзіне ену керек ұран боп,
Партияның «жеті жылдық жоспары».
Коммунизм атты ұлы кемеде,
Партияның ісі үлгі-өнеге.
Ақыл-ойдың кемеңгері, данышпан,
Партияға қарсысың ба, немене?..
– Жо-жоқ, тіптен олай емес ағасы,
Партияның аса артық бағасы.
Өзгертеміз,- деді Шәмші,- тағы да,
Тиіп кетер ме деп қорқып жаласы.
Мына істің қарашы бір себебін,
Бұлар ақыр істетеді дегенін.
– Мен елімді саясатсыз,- деп ақын,
Ақ көңілмен жырласам бір деп едім.
Сұрар-ау деп өлең жазған кім екен?
Алдын ала дайындалып жүр екен.
Ызаланып дөкей аға алдында,
Отыра қап өлең жазды Жұмекен.
«Жеті жыл жоспары,
Жеті қыр асқаны.
Думанды бастады,
Қазақтың жастары.
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Партияның аясында, елім,
Туған жерім менің – Қазақстаным!»
− Міне, енді көкейіңе қонады,
Көпшіліктің жанын баурап алады,-
Деді ағасы риза болып бұларға.
Журналға да шығаруға болады.
Аңсап айтар келешектің ұрпағы,
Арайланып жарқын-жарқын нұр таңы.
Журнал басты өлең сөзін өзгерген,
Жамал апай бұрынғыша шырқады.
Елің үшін сабырлы да бол текті,
Екеуі де табандылық көрсетті,
Көп кешікпей сүйікті әнге айналып,
Ғасырлардың қойнауына жол шекті.