Тұт ағашының көлеңкесі
Көктем шығып, болған айдың аяғы,
Жарқын жазда көлеңкесі саялы.
Туған үйдің шарбағында мәуелі,
Тұт ағашы жапырағын жаяды.
«Көз тиер» деп, жырақ жүріп елден де,
Күдікпенен күй кешкенде шерменде.
Тіккен екен қасиетті ағашты,
Тұңғыш ұлы дүниеге келгенде.
Жиналатын өзі сынды жас мұнда,
Тыңдап сырын қатар-құрбы, достың да.
Бір мандолин және ескі кереует,
Жазда Жәмшид тұт ағаштың астында.
Қиял-ойдың теңізіне жүз мейлі,
Көңіл - көктем, күдерін бір үзбейді.
Соңғы кезде бір ғажайып күй кешіп,
Әнге салып, әлдекімді іздейді.
Құлағына ауық-ауық бір үн кеп,
Көзін жұмса жылап бірде күлімдеп.
Кеуде жарып алаулаған бір сезім,
Сабалаған мандолинде тыным жоқ.
Бірге өстік, шекара жоқ достықта,
Шарықтатып талай әнге қостық та.
− Нені ойладың,-деп келді де Мырзахан,
Құлай кетті Жәмшид жатқан жастыққа.
Елжірейді дүрсілдеген жүрегім,
Соншалықты ынтық еткен кім едің?
Сен түсінбес бір құдірет бар менде,
Жеткізерлік дәрменім жоқ, білемін...
Көктем шықты, наурыз айы — жыл басы,
Бар секілді құстардың да сырласы.
Бұтақтағы анау екі нәурізек,
Шықылықтап сөйлесе ме, тыңдашы!..
Жаратылыс тым күрделі, біл мұны,
Торғайдың да жарасады бірлігі.
Табысады бір-бірімен жұптасып,
Әрі қарай жалғасады тірлігі.
Шықпады ойдан, ұйықтағанда түсімнен...
– Сен ғашықсың,-деді досы,- түсінем.
О, Нәзипа, дөңгеленген сары қыз,
Сен екенсің,-деп ойлады ішінен.
Әдемілеп қыз түзеді бұрымын,
Айтылатын жүрегінің сыры мың.
– Қош бол,-дейді,-асық ойнар ақ тақыр,
Қоңыр қозым, менің қасқа құлыным.
Тершіп кетті, тұрғандай-ақ күн күйіп,
Нәзік сезім жүрегіне жыр құйып.
Қайтып кетті Мырзахан да үйіне,
Оңаша да ойға кетті тұңғиық.
Осы ісім болар ма екен оғаш тым,
Бәлкім, бөлек бір әлемге жол аштым.
Сен куәсің ең алғашқы сырыма,
Уа, тұтым, «падишасы ағаштың!»
Үміт жібін осылайша жалғады,
Тәтті қиял, үнсіз бір ән салғаны.
Күмбір кеуде қарсы айырылып кетердей,
Мандолині безілдеді қолдағы.
Кейде ұрсып, өзін-өзі кінәлап,
Қыз көзіне қалай түсіп ұнамақ?
Тұт ағаштың жапырағы тым қалың,
Ай қарайды арасынан сығалап.
Күндер зырлап, өтіп жатты білінбей,
Көз алдында Нәзипасы күлімдей.
Дөңбекшиді төсегінде дамылсыз,
Таң атқанша кейде көзі ілінбей.
Тыным таппай іздеп асыл сыңарды,
Бастан кешіп, ғашық дертін ұға алды.
Көрінер деп терезесін күзетіп,
Ай батқанша тұратынды шығарды.
Қызуыңды төге берші тамшы күн,
Мен ғашықпын! Осы менің бар шыным.
Сезінер ме, шырқап салған әнімді,
Қалай айтып жеткіземін жан сырын.
Хат жазады, жауап берер қыз анық,
Тағы батар күн ұяға қызарып...
Жәмшид сырлас болған сол тұт ағаштың,
Көлеңкесі бара жатыр ұзарып.