04.05.2022
  131


Автор: Ерік Нарын

Ауылым

Ауылымның қына біткен тасы да,


Талайлардың мінезінен жұмсақтау.


Шығып көрсең өр таулардың басына,


Мүмкін емес мұң шақпау!


 


Әжелердің күйіп кеткен қазаны,


Талайлардың жүрегінен тазалау!


Аспанынан естілгенде қаз әні,


Қаз боп ұшқан күйді кешсең ғажап-ау!


 


Талайлардың көңілінен жылылау,


Ауылымның ең қаһарлы қысы да.


Ауыл жұрты ар-ұятты ту қылып,


Тау шыңының іліп қойған ұшына.


 


Қайыңдардың алтын еткен жасауын,


Ешқай жерде атқан емес бұлай таң.


Мініп көрсең қырда жүрген асауын,


Бұл өмірді жуас дер ең шын айтам!


 


Сауық қуған ауылымның тентегі,


Ақынмын деп айта салса сенерсің.


Әжім басқан бет-жүзінен таулардың,


Менің ұлы тағдырымды көрерсің.


 





Пікір жазу