Тиянақ
Аспан көңілдің сейілмей қара бұлты мың,
Бұркелеп алды ақ жүзін нала күлкінің.
Бозала таңда,бозарған бордай көңілім,
Қағады әлсіз шық тұнған жара кірпігін.
Ақ бұлттың төзбей көңілім қобырауына,
Үзіліп құлап тамшылар омырауыма.
Керім далада сағымдай шұбыра көшкен,
Керуен ғасырлар сылдырлы қоңырауыма.
Әйнекке салған аяздың өрнегі білем,
Еріккендердің бұл өмір ермегі кілең.
Бұғауын бұзып тастар ем дәрменім жетпейді,
Күйкіге толы күндерді сендегі күрең.
Түрмеңнің теуіп есігін құлатар ма едім,
Жасасам солай асаулық ұнатар ма едің.
Әмірін саған жүргізгіш озбыр көңілден,
Жылатып тұрып кешірім сұратар ма едім.
Көксау дүние демалып өкпесіменен,
Жаздық біз осы несіне от кешіп өлең.
Қадірін жырдың түсінбес бейшара біреу,
Таптамақ болды біздерді өкшесіменен.
Бөгеуге дәрмен жоқ менде қиял ағынды,
Білмеймін қашан есімді жия аларымды.
Жүректен кімдер ұсынар маған баспана,
Табамын сірә қай жақтан тиянағымды…