Журналистика
"Мен тек шындықты айтатын журналист боламын" - журналистика факультетіне түсейін деп жүрген немесе түсуді армандап жүрген жандардың айтатыны.
Бірінші күндері мұғалімдер "неге журналистиканы таңдадың? " - дегенде, бәріміз бір ауыздан "халыққа шындықты жеткізу үшін" ,- деп жауап беретінбіз. Қазір есіме түсірсем, жымиямын да қоямын. Шындығына келгенде, бәрі мүлде басқаша.
Барлық шындықты жариялау - мүмкін емес дүние. Бір материал мемлекеттік құпия болып шықса, екіншісі "цензура" деген нәрсеге келіп тіреледі. Тіпті ең тәуелсіз деген журналистер бәрін айтпайды, себебі шектен шығуға болмайды.
Журфакқа түсемін десеңіз , дайындалыңыз; бірінші күні ешкім қолыңызға камера мен микрофон ұстатып, репортаж түсіруге жібермейді , ешкім жаңалықтар жүргізуге шақырмайды. Теория, теория және тек қана теория. Теориясыз практика мүмкін емес. Жазу машығыңызды қалыптастыруға тырысыңыз. "Жаза алмайтын журналист ешкімге керек емес", - дейді біздің куратор. Кітап оқыңыз, көп оқыңыз. Мағыналы, құлаққа жағымды фразеологизмдер естісеңіз, жазып алыңыз. Рас айтамын, жазып алыңыз, эссе мен шығарма жазғанда, таптырмас дүние.
Айналаңыздағы адамдардан "журналист - ол кім?" деп сұраңызшы, көбі "жаңалық жүргізетін адам", "сұхбат алатын адам", "мәтінді камераға оқып беретін адам" және т.с.с. жауап береді. "Өй, камера алдында мәтінді оқып беруді де үйрете ме? " дегенді де естігенмін. Журналистердің мәртебесі қаншалықты төмен екенін көрдіңіз бе?
Өкінішке қарай, қазіргі кезде еш білімі жоқ, журналистік этика түгілі, БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) туралы заңдағы журналистің құқықтары мен міндеттері жазылған 20-шы, 21-ші баптарды білмей, кеудесін қағып, өздерін "журналист" деп атап жүргендер аз емес. Өсек-аяңды теріп, содан "материал" жасап, "жаңалық" қылып шығарып жүргендер жеткілікті. Жалған ақпараттан ғана құралған жаңалық порталдары мен бағдарламалар да асып-тасып жатыр. Бір қызығы, осындай дүниелердің рейтингі бәрінен жоғары болады.
Осы қалыппен БАҚ-тың жағдайы не болмақ?
Біреу сапалы маман болу үшін 6 жыл аянбай тер төксе, біреу бір сәтте fake news-пен танымал болады.