ҚОС ҚУЫРШАҚ
Ертеде бір шебер екі бірдей әдемі қуыршақ жасап шығарады. Сүйіспеншілікпен жасалған қуыршақтардың екеуі бірінен-бірі өткен сұлу еді. Шебер өз туындысына қызығушылар табылар деген ниетпен қуыршақтарды шағын дүкеніне апарып қояды. Қараңғы шеберханадан шығып, жарық терезенің алдындағы сөреге орналасқан екі қуыршаққа сол сәтте жан біткен екен.
Ақ көйлекті қуыршақ айналасындағы қайнаған тіршілікке қарап мәз болады. Ал күлгін көйлекті қуыршақ әйнектегі өз сұлбасына сүйсінеді. Дүкенге келген адамдардың бәрі қуыршақтардың сән-салтанатына қызықпай өтпейтін. Адамдардың өзіне ауған назарын ұнатқан күлгін көйлекті қуыршақ осы дүкенде мәңгі қалып, бәрін таң қалдыра беруді тіледі. Ал ақ көйлекті қуыршақтың аңсары терезенің сыртындағы әлемге ауып тұратын. Оның тілегі – әйнектің арғы жағындағы әлемге апаратын бір адамның қуыршағы болу еді.
Екі қуыршақ та іштей өз тілектерін қайталаудан тынған жоқ. Күлгін көйлектісі адамдар қызыққан сайын мәңгі осылай сұлу қалпында сөреде тұруды мақсат тұтты. Ақ көйлектісі адамдар өмірінің бір бөлшегі болуды қалады. Арада көп уақыт өтпестен дүкенге үш-төрт жасар қызын ерткен әйел келді. Ол тоқыма жіптер сатып алып тұрғанда кішкентай қыз екі қуыршақты айналшықтап жүреді. Өзіне адам баласының жақындағанын жақтырмаған күлгін көйлекті қуыршақ «ажарымды бұзады, маған тиіспесін» деп қабағын түйіп алады. Сүйкімді қыздың қылығына сүйсінген ақ көйлекті қуыршақ оған күлімсірей қарайды.
Кішкентай қыз жүзі жылы қуыршаққа ұмтылды. Сол күні анасы мен қызы күлімдеген қуыршақты сатып алып үйге қайтты. Бұл оқиға күлгін көйлекті қуыршақты қатты қуантса керек. «Адамдардың қолында қор болғанша, сыр-сымбатымды бұзбай осында тұра бергенім жақсы» – деп ойлады ол. Күні бойы кербез қалпымен келушілерді тәнті еткен қуыршақ қасына адам жоласа қабағын түйіп алатын. Сондықтан оны ешкім сатып ала қойған жоқ.
Бір күні күлгін көйлекті қуыршақ терезеден бұрынғы ақ көйлекті құрбысын көріп қалады. Әлгінде дүкенге келген қыз оны себетке салып қыдыртып жүр екен. Қуыршақ бұрынғысынан да құлпырып кеткен. Иесі оның шашын өріп ұшына бантик тағып қойыпты. Қанша қызықса да ол өзіне қарап қолын бұлғап амандасқан ақ көйлекті досын байқамағандай болып безеріп тұра берді. «Кішкентай қыз қызығы басылғанда қуыршақты тастай салады. Ал мен мәңгі сұлу қалпымда қалам» – деп, өзін-өзі жұбатты ол.
Арада біраз уақыт өтті. Терезенің алдында жылдар бойы тұрған күлгін түсті қуыршақтың кейпі адам танымастай өзгерді. Күн көзінен бояуы өшіп, сүйсінер сұрқы қалмапты.
Жыл артынан жыл жылжыды. Қуыршақтарды жасаған шебер де қартайып, өмірден озған екен. Ескі дүкен жабылып, керексіз дүниенің бәрі қоқысқа тасталды. Қанша қаламағанымен күлгін түсті қуыршақ та қоқыс алаңына аттаныпты. Лас заттардың арасында өзінің мәнсіз өткен өміріне налып жатып ол өзіне таныс бейнені байқап қалады. Байыптап қараса, баяғы ақ көйлекті қуыршақ. Құрбысын көріп қуанған ол одан өткен өмірі жайлы сұрай бастайды. «Мен ғұмыр бойы дүкен сөресінде тұрдым. Адамдар маған басында қызығып қарайтын. Кейін ешкім менің көркіме таңқалмайтын болды. Ал сен адамдармен өмір сүрдің. Өміріміз әртүрлі болса да, түбінде қоқыста жатырмыз ғой…», – деді күлгін көйлекті қуыршақ осы сөздерден медеу тапқандай.
– Білесің бе құрбым!? Мен өз өмірімнің осылай өткеніне, қазір қоқыста жатқаныма еш налымаймын. Маған керемет отбасының мейірімді қызының ойыншығы болу бақыты бұйырды. Мен өз қожайынымның әр қуынышында қасында болдым. Ол қорыққан кезде мені құшақтап жататын. Екеуміз көшеде бірге серуендейтінбіз. Құрбылары да маған қамқор еді. Мен ол қыздың қалай бойжеткеніне куә болдым. Есейгенде ол менімен сирек ойнайтын болды. Бірақ ешкімге айта алмайтын сырларын маған ақтаратын. Кейін қожайын қыз өсіп отбасын құрды. Сосын дүниеге келген қызына мені тарту етті. Ол балақай да маған жаман қараған жоқ. Мен сол отбасының бір мүшесіне айналып кеттім. Бір ғұмырымда қанша нәрсе басымнан өтті. Қоқысқа да кездейсоқ тап болдым. Бірақ кешкен сезімдерім мен әдемі сәттер үшін осы күніме де ризамын», – деп тіл қатты ақ көйлекті қуыршақ.
Қуыршақтар өз тілектеріне сай өмір сүрді. Тек күлгін түсті қуыршақ дүкен сөресі мен терезеден басқа ештеңе көрмей өткеніне өкініп жатты. Адамның да тілегінің орындалуы қиын емес. Тек «таңдаудан» жаңылмасақ болғаны…