Ұстаздан ұлағат
Зарипова Бақыткүл
«Жас бала – жаңа өркен жайған жасыл ағаш тәрізді» дейді халқымыз. Яғни, жаңа отырғызған жас шыбық тамыры тереңдеп, жапырағы жайқалып, саялы ағаш боп өскенше, мәпелеп күтіп, үзбей тәрбиелеуді керек етеді. Иә, расымен де бабалар сөзі тегін айтылмаса керек.
Мамандықтың бәрі жақсы. Сол мамандықтардың ішінде адамды тәрбиелеу- жауапты іс. Бар мамандықтың ішіндегі ең қиыны да, ең құрметтісі де – жас ұрпақтың тәрбиешісі болу. Өйткені «Ұстаз — мектептің жүрегі» деген Ыбырай Алтынсарин. Мен өз мамандығымды мақтан етемін.Осы кезге дейінгі ұстаздық тәжірибемде түйгенім, ұстаз жастардың ақылшысы, досы, жанашыры. Ұстаз -еркін ойлы, батыл, өскелең ұрпақты өмірдің ақ –қарасын айыруға үйрететін, әлемдегі жаңалықтың жаршысы.
Менің ұстаздық жолды таңдауыма алтын ұя отбасымыздағы саналы тәрбиенің әсері болса керек. Алтын құрсақты анамнан тараған он бала да өмірден өз орындарын тауып, бір-бір мамандық егесі атанды. Бір отбасынан он бала өрбісек те, бір-бірімізге өте бауырмал, тату-тәтті, үлкен сыйластықта өстік. Балалардың ішінде алтыншы боп дүниеге келген мен жүрек қалауыммен ұстаздық мамандықты таңдадым.
Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесінің «музыка» бөлімін, кейін Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «музыка пәні мұғалімі» факультетін Үздікке бітіруім де сол асқақ армандарымның бір бөлшегінің орындалуы болса керек.Білім ордасында білім нәрімен сусындатқан ұстаздарым: Білім беру Ісінің Үздігі Кенжегүл Абуова, профессор Рахат Наурызбаева, ғылым кандидаттары Нұрділдә Темірбеков, Абдул-Азиз Қилыбаев, профессор Марат Мунайдаров, профессор Марат Балтабаев, өнер зерттеушісі , қайраткер Ағайша Шермухаметова, Жеңіс Өтемісұлы, республика көлеміне белгілі «Айгүл» қыздар ансамблінің әншілері Галина Карамолдаева , Роза Абдыкалыкова , Қазақ ССР-нің Халық артисі Бақыт Ашимова сынды ұстаздардан дәріс алып, сол кісілердің жетекшілік жасауымен жоба қорғағынымды мақтаныш тұтамын.Ұстаздарым маған білім беріп қана қоймай, өміріме үлгі- өнеге бола білді.Әсіресе, Кенже Абуова ұстазымның аналық қамқорлығы мен аялы алақаны тек менің ғана емес , бүкіл студенттердің мәңгі естерінде сақталары сөзсіз. Міне, осындай керемет ұстаздардан тәлім- тәрбие алған мен қалайша өз ісімнің маманы болмаймын?! Алтын ұстаздарым, мен сіздерге мәңгі қарыздармын!..
Мен, бүгінде сол ұстаздарымнан алған білім нәрін, бойыма жиған тәлім-тәрбиемді өскелең ұрпақ бойына сіңіріп келемін. Ауданымызда балаларға қосымша білім беруде өзіндік орны бар Оқушылар Үйінде бұқаралық бөлім меңгерушісі боп қызмет еткеніме жиырма жеті жылдан аса уақыт болды. Осы жылдар ішінде өскелең жастарды өнер- білімге, талантты жастарды шығармашылыққа баулып, талмай еңбек етіп келемін.Оқушылар Үйінде ұйымдастырылған барлық шараларға мұрындық болып, өз үлесімді қосып келемін. Атап айтқанда «Сәуле шашқан зердеге, қылқаламмен» атты ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Қ.Закировпен кездесу кеші, «Ақын елдің ардағы» атты ҚР Мәдениет қайраткері Ж.Мәкеналымен кездесу кеші, «Жаңа бақыт жаңа нұр сыйла , Жаңа жыл!» атты мерекелік ертеңгіліктер, «Егеменді ел ұландары» патриоттық әндер сайысы, «Жаныңда жүр, жақсы адам» т.б тақырыптардағы алуан түрлі мәдени шаралардың балалар тәрбиесінде алар орны ерекше. Ұстаздық жолындағы мақсатым — педагогика саласындағы, басқа да ғылым салаларының тиімді зерттеу нәтижелері мен озық тәжірибелердің алдыңғы қатардағы идеяларын басшылыққа ала отырып, жаңалықты жатырқамай, өзімнің іс-тәжірибеме енгізу және жетістікке жету.
Орыстың ойшыл ғалымы Д.М Менделеев: «Мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкіртінде, өзі нұрын шашқан ұрпағының өсіп-өнуінде» деген екен. Және де дана халқымызда «Әуелі тұқым, содан соң күтім» деген асыл сөз бар. Сондықтан тұлғаның өсіп- өнуінің сәтті болуы рухани күтімге байланысты. Баланың жанына ақыл-білім дәнін сеуіп, аялап, көңілін табатын да – ұстаз. Ұстаздық жолымда балаларды киелі өнерге баулып, кейін сол өнер жолын таңдап танымал өнер иелері атанған шәкірттеріммен де мақтана аламын.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында ( қаңтар, 2017 жыл) Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуіне ерекше назар аударған.Бұл жерде білім беру жүйесіне, біріншіден, оқыту үрдістеріне қазіргі заман талабына сай әдістемелер мен технологияларды енгізу мен педагогтар құрамының сапасын арттыру мәселесіне ерекше мән беріп отыр. Біз, ұстаздар қауымы , осы міндеттерді жоғары деңгейде , сапалы орындалуы жалпы адами капиталдың өсуіне ықпалын тигізетінін жақсы түсінеміз. Бәсекеге қабілетті, білімді де білікті ұрпақ дайындауда және жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыруда білім беру үрдісіне оқыту мен тәрбиелеудің озық, инновациялық технологияларын жүйелі әрі тиімді пайдалана отырып, егемен еліміздің болашағын қалыптастыруымыз қажет.
«Адам үшін еңбегім,
Өмірден барлық тергенім.
Қалағанын қалап ал,
Мұрам сол, жастар бергенім!»- деп Шәкәрім Құдайберді ағамыз жырлағандай өскелең ұрпаққа қалдырар мұрамыз мол болғай.