30.04.2022
  331


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨҢІЛДІҢ ӨЗЕНІМЕН ҚАЙҒЫ АҚҚАНДА


Құлақта өксігі мен зары қалған
Дүние – сіңірі шыққан кәрі тарлан.
Жастық шақ – көрген түстей кете ме өтіп,
Тірлікте болмаса егер бәрі жалған.
Жоғалған бәрі қайда көңілдестің,
Күндер көп көтермеген көңілді ешкім.
Күн кешсем қоңыр күзде қоңырайып,
Сарғайып сары күзде өмір кештім.


Бақ күтіп тұрмаса да теңбіл белде,
Білекті қуаттанам мен түргенде.
Өтемін мұз үстімен арғы бетке,
Көңілдің өзенінде сең жүргенде.
Арманым жүрегімді сыздатқанда,
Айналам атан күшке сұсты ақпанда.
Өзімді сезінемін тағалы аттай
Көңілдің өзенінде мұз қатқанда.
Сұм ажал төнсін, мейлі, қай жақтан да,
Түнімен жортам ылғи Ай батқанда.
Қайғыны қайық етіп жүзіп өтем,
Көңілдің өзенімен Қайғы аққанда…





Пікір жазу