30.04.2022
  276


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҰРАТҚА ОНДА ЖЕТКЕНІМ

Үндеме дейсің, үндеме,
Берілді онда тіл неге?
Дүниеге бола тозатын
Күресіп мені жүр деме.
Жапсаң да көрдей түрмеге,
Бағымды менің күндеме.
Тай үшін қасқыр жеп кетер
Күресіп мені жүр деме.
Қатер бұлт барда төнетін,
Мен бе екем жанбай сөнетін.
Күресіп мені жүр деме
Тоқтыға бола өлетін.
Айбатым тұрса Айға асып,
Отырам қалай жайғасып.
Қан кешіп мені жүр деме
Билікке бола шайқасып.
 Дүниені жуып, ағартып
Өзгертем бәрін жаңартып.
Хан тағын қайтем,
тұрғанда –
Азамат ердің бағы артып.
Өзімді мың сан қол көріп,
Басына қазан төңкеріп, –
Қасарысқан қатал тағдырды
Қыңсылатам атқа өңгеріп.
Сындырса да жаулар жағымды,
Сындыра алмас сағымды.
Айырбастаман ханның тағына,
Күресте туған бағымды.
Сыпырып құлдық шекпенін,
Теңдікке жетсе текті елім.
Бұрынғының Аяз биіндей,
Мұратқа онда жеткенім.





Пікір жазу