30.04.2022
  134


Автор: Рафаэль Ниязбек

МОМЫН ҚОЙҒА ЕГЕРДЕ АЙНАЛМАСА

Ата аруақ рух болып жебегелі,
Қай жұрттан кем Алаштың жебелі елі.
“Қойдан жуас ел едік!” дейді қазақ,
Өзін қойға бұ қалай теңегені?!
Семсер етіп сілтеген намысты алға,
Батыр жұртты тағдыры жанышқан ба.
Ішкені ірің бола ма бұ қазақтың,
Өзін егер теңесе арыстанға.
Қызық қуған,
қыз қуған бел-белеңде,
Батыр аз ба қазақтай жебелі елде.
Жолбарыстай жүректі болмас па еді,
Өзін егер тарғылға теңегенде.
Қойға,
малға теңесе өзін егер,
Қай жұрт оның көрікті көшін елер.
Қазақ деген – ер халық емес пе еді,
Қан майданның өтінде – төсінде өлер.
Басы, мойны қисайған құбылаға,
Қазақ қайдан шомылсын шұғылаға.
Момын қойға егерде айналмаса,
Қасқыр шапқан қойдайын қырыла ма?!





Пікір жазу