30.04.2022
  131


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЗДІКТЕРГЕ – БІР МАЙДАН

Кеңістіктен іздеп өткен мұратын,
Сардар ермін сертінде ылғи тұратын.
Зұлым күшпен жүрмін әлі алысып,
Жігіт жаста сауық-сайран құратын.
Семсер көрме сілтегенде сынатын,
Күшімдемін атанды ұрып жығатын.
Бүгін мені батырса да,
алаулап –
Жарық күнмін ертең қайта шығатын.
Сұм заманға кез болған,
Елдің іші қоян жүрек ез толған.
Жел тұрғанда құлайтұғын жалп етіп,
Жұртқа қайдан қалқан болсын жез қорған.
Қара тобыр қорқақтардан құралған,
Сілкінбесе арыла ма тұманнан.
Ендеше мен
Еңсені езген ездікке
Майдан ашпай тұра алман.
 Арылмаған ездіктен
Қай елге де,
үрей толы көз біткен.
Көбелектен қорқып қашқан қояндай,
Қылыш түгіл сескенеді кездіктен.
Арылған ел ездіктен
Алыстарға көз тіккен –
Қарсы атылып ажалға
Кіріп келген есіктен.
Қуат алмаса нұрлы Айдан,
Туындайды жыр қайдан.
Ездіктерге ендеше
Мен – ашамын бір майдан.
Жасығанға дем беріп,
Сол майданда кетсем егер ерте өліп.
Жердің ыстық құшағында жатамын,
Мәңгіліктің қуатында тербеліп.





Пікір жазу