30.04.2022
  112


Автор: Рафаэль Ниязбек

МЕН – ЕГЕУЛІ НАЙЗАМЫН ЕГЕСКЕНДЕ


Қан кешемін ел үшін, сел кешемін,
Қараулықпен қабарып белдесемін.
Өз тағдырым өзіме көнбесе егер,
Мен де көнбей ұстасып егесемін.
Оған себеп:
Жел ескен қанатынан,
Әділетсіз Дүние жаратылған.
Сенбейсің бе?
Ендеше адамдарға,
Ала-құла неге ұят таратылған?!
Үлкендерден мен де ылғи бата аламын,
Садағымды шіреніп ата аламын.
Ақсүйек боп жаралып төре біткен,
Қара сүйек мен неге атанамын?!
Көңілімнің тартылса күйі елімде,
Жүрмекпін бе бір белдің жиегінде.
Неге ендеше ақсүйек атанбаймын?
Қара таңба жоқ болса сүйегімде.
 Шата емеспін бет-қолын шала жуған,
Азаматпын Ар жолын дара қуған.
Ханнан артық болмасам кем емеспін,
Мен секілді оны да ана туған.
Шаңын қосқан суырып сан төбенің,
Хан-төренің көзінен қан көремін.
Бұйрығымен солардың неге жүрем,
Басы артық па басымнан хан-төренің.
Тереземді тең көріп теңестірмей,
Жүрсе қайтем мені олар егестірмей.
Ұстағысы келеді уысында,
Айдарымнан айбынды жел естірмей.
Айдарымнан айбынды жел ескенде,
Махамбетпін жортатын белес-белде.
Егеспес ем
егерде кісі көріп,
Ақ орданың ішінде кеңескенде.
Мен – егеулі найзамын егескенде.





Пікір жазу