30.04.2022
  192


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЛІМ – САДАҚ, МЕН – ЖЕБЕМІН


Жеңіл деме,
кейінге шегін деме,
Суынбасын бұндайда көңіл неге?
Көбік шашқан теңізден өте ғой деп,
Өмір бермес ешкімге тегін кеме.
Көрген жоқсың батқанын қыл бұраудың,
Не екенін білмейсің бұрғылаудың.
Елге қажет асылдың барлығы да,
Жатқан жоқ па түбінде шыңыраудың.
Теңдік қуып, несі айып алысқанның?
Талайлармен сол үшін шабысқанмын.
Шаппай қайтем,
ырысы бүкіл елдің
Кетсе егерде аузында арыстанның.
Қатарыма қосылғын сен де келіп,
Тұтас жұртты тоздырмай жерге бөліп.
Бақ-дәулетін қайтарсақ,
қалмайды ма,
Жасыл орман секілді ел көгеріп.
Атқа қонбай бұның не терлегенің?
Желкеніне жарамай ел-кеменің.
Сендей жігіт жұртына үлестірген
Тартып алып тағдырдың бермегенін.
Егер сапқа кірмесең сарбаз болып,
Кімге дәрі торы атты жемдегенің.
 Дос та күлген,
ез болма жат та күлген,
Азамат ер елді ойлап атқа мінген.
Қазан-ошақ маңайын жағаламай
Бес қаруын асынып, сапқа кірген.
Мен де сенің жасыңда,
Ел қамын жеп,
Азаматпын айқайлап атқа мінген.
Қараулықпен мен туғам алысқалы,
Алқымында шеңгелім қарысқалы.
Елім – садақ болғанда,
мен – жебемін,
Атылғанда ұшатын алысқа әлі.





Пікір жазу